«Тоқал боламын»: Дарын Мубаровтың уағыздары қоғамды қайда бастап барады?

Qaz365.kz редакциясы

Елімізде әкімшілік жауапкершілікке тартылған кейбір дін өкілдері де әлеуметтік желілерде уағыз жариялап жүр

Коллаж: Qaz365.kz

Қазақстанда әлеуметтік желілерде діни уағыз айтатын «блогерлердің» ықпалы күшейіп барады. Алайда олардың мазмұнына қатысты сұрақ көбейгенімен, ресми діни институттар тарапынан ашық сын сирек айтылады. Медиаға шығып, түрлі уағыздар айтып, даулы мәлімдемелер жасап, айыппұл арқалаған азаматтар да бар. Уағызшылардың ішіндегі ең танымалы — жақында екінші рет айыппұл арқалаған Дарын Мубаров. Алайда оның жарияланып жатқан «уағыздарының» арнасы әлі де толастар емес. 

Qaz365.kz соңғы кездері медиаға шығып жүрген уағызшылар мен олардың арасындағы қайшылықтарға қатысты шолу жасады. 

Әуелі Дарын Мубаровқа қатысты Мүфтияттың позициясын білу үшін Қазақстан мұсылмандары діни Басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына ресми сауал жолданғанын айта кетейік.

CD дискіден YouTube-қа дейін жеткен «уағызшы»

Жалпы Дарын Мубаровтың уағыздары 1990-жылдардың ортасында кеңінен таралды. CD дискілер сатылды. Қазіргі кезде әлеуметтік желілерде парақшалары мен видеолары көп. Оған қарсы айтылған дін жолындағы азаматтардың пікірлері бар. Бұл сырттай қарағанда діни топтардың (сәләфит, ханафи), мұсылмандардың арасындағы пікірталас секілді жеңіл көрінуі мүмкін. Бірақ уағыз айтушылардың қоғамға тікелей ықпалы бар. Саяси жағынан да, ұлттық қауіпсіздік жағынан да тікелей идеологияға әсер ететіндіктен мемлекеттің бірлігі үшін «уағызшылар» мен желідегі парақшалар мен арналарды сүзгіден өткізу өте маңызды.

Қазіргі таңда Дарын Мүбаровтың желілер мен Youtube арналарындағы уағыздары үсті-үстіне жарияланып жатыр. 15 сәуірде ғана жарияланған бейнежазбада ол басқа мәзһабтағы адамды кемсітпеу, жек көрмеу жайлы сөз сөйлеген. Дегенмен таяқтың екі ұшы бар. Ол көпшілікті «бауыр болуға» шақырғандай көрінгенімен, «Мәзһабтың өзін кәдімгі Аллаһтан келген тап-таза дін деп қабылдауға болмайды» деген ойға жетелейді. Мубаровтың пікірінше Мүфтият дұрыс деп көрсеткен ханафи мәзһабынан, тіпті төрт мәзһабтан да басқа жолдарды ұстануға болады.

«Жергілікті жердің мәзһабы қандай, болды шықпа деп үйрететіндер бар. Бірақ бұл дұрыс емес. Мәзһаб бұл — пәтуалардың жиынтығы. Мәзһабтың өзін кәдімгі Аллаһтан келген тап-таза дін деп қабылдауға болмайды. Ол түсіндірмелер. Жағдайға байланысты  пәтуалар өзгере береді. Екінші пікір бар: «Мәзһаб бізге керек емес, біз тек Құранмен жүреміз, Сүннетпен жүреміз» дейді. Бұл да дұрыс емес. Өйткені Құранмен, сүннетпен жүру үшін де білім керек. Үшіншісі бар. Ол мәзһабтың келген пәтуаларын пайдаланып жүреді. Егер өзінің ұстанған мәзһабынан гөрі күштірек дәлелді көрген болса, болмаса  Құраннан, Хадистен нақты түсініп жатқан болса, мәзһабқа қатып қалмайды. Бір мәзһабты ұстанғаны үшін, өзгенің мәзһабын еш уақытта кемсітпейді. Өйткені сен Исламды қабылдаған кезде бір-біріңе бауыр боласыңдар. Бауыр болған соң хақысын беру керек. «Мұсылмандар бір-біріне бауыр» деген сөз бар», — деді Дарын Мубаров.

Дарын Мубаров сөзін жалғай келе тағы да қай мәзһабта жүргеніне қарамау қажеттігін айтады. Айта кетейік, 2024 жылғы бір сұхбатында Дарын Мубаров «дінге қызмет еткен адам болса, домбыраны қой» деп айтуымыз мүмкін» деген еді. 

Желіні жаулаған уағыздар

Әлеуметтік желілерде, әсіресе, Youtube-та Дарын Мубаровтың видеолары көп.

«Daryn Mubarov media» — тек Дарын Мубаровтың видеоларын салатын арна. 86 мың жазылушысы бар. 2017 жылы ашылған. 

«Қазақстанның ең алғашқы уағызшысы, дінтанушы Дарын Мубаровтың уағыздары салынатын ең үлкен каналға қош келіпсіздер!», — деп жазылған сипаттамасында. 

Соңғы салған видеоларында «Әйелің ұнамай қалса не істеу керек?» деген сұраққа жауап берген. Сонда балалы-шағалы бір азаматтың «екіншісін» алғаннан кейін бәрі «реттелгені» жайлы мысалды келтіреді. Бұл көп әйелді құптайтын идеяны насихаттаудың бір жолы секілді. Дегенмен дәл осы видеода Дарын Мубаров әйел адамдардың эмоцияға берілгіш екенін айтады. Намаз оқу, Ораза ұстау, қиямет, тозақ жұмақ жайлы видеолар өте көп. Бөлімдерге бөліп оларды «сабақ» деп атаған. 

Жалпы қаралым көрсеткіші — 15 миллион.

  • Tik-Tok желісінде 14,4 мың жазылушысы бар darynmubarov.official атты парақша; 
  • Tik-tok желісінде тағы бір аты арабша 30 мың жазылушысы бар парақша ашылған. Тек Дарын Мубаровтың уағыздарын жариялайды. 

Түрлі арналар оның уағыздарын әлі күнге салып келе жатыр. 

Мынадай парақшалар да Дарын Мубаровтың видеоларын жариялайды:

  • «Напоминание Мусульманам» — 6,27 мың жазылушы;
  • «Sabr» — 68,2 мың жазылушы;
  • Нұрбол Қожабайдың Youtube арнасы — 5,87 мың жазылушысы бар. 

«Qоzhabayev» атты парақшасында уағызшыларды шақырып сұхбат алып отырады. Ол өз арнасын «қажылыққа баратындарды сауаттылыққа үйрететін арна» деп таныстырады.

10 ай бұрын Дарын Мубаровты шақырып, подкаст түсірген. 

«Бала күнімізде дискілерден, радиолардан, видеолардан көріп, ең алғаш уағыз насихатты осы кісіден тыңдайтын болғанбыз», — деп сөз бастайды Нұрбол Қожабай. 

«Тоқал боламын»

Уағыздардың қоғамға, соның ішінде әйел адамдарға әсері жайлы айта кету керек. Қазақстанда діндар мұсылман әйелдердің (хиджабтағы әйелдер) арасында екінші әйел болуға «неке» («никах») арқылы келісетіндер саны артып келеді. Бұл құбылыс Instagram желісіндегі парақшаларда кең таралып, трендке айналып барады. Онда әйелдер Ахлю Сунна талаптарын ұстанатын ер азаматтарды іздеп, көп жағдайда көп әйел алуға келісім береді. Негізгі шарттары — баспанамен қамтамасыз етілу және әділ қарым-қатынас болуы. https://nikah.kz/ деген сайты бар.

Әлеуметтік желілерде «неке анкетасы» деп аталатын жабық топтар мен парақшалар әлі де белсенді түрде жұмыс істеп келеді. Мұнда адамдар жеке танысу немесе некеге тұру мақсатында анкеталарын ақылы түрде жариялайды. Көбіне мұндай жарияланымдар ашық фото түрінде емес, адамның бейнесі хиджаб киген әйелдің немесе сақалы бар ер адамның силуэті арқылы беріледі.

Жариялау құны әртүрлі: стандарт пакеттер 5 000 теңгеден басталып, VIP нұсқалары 12 000 теңгеге дейін жетеді. VIP пакетте бірнеше Instagram парақшалар мен жабық WhatsApp және Telegram топтарына қосу қызметі де ұсынылады. Осындай жүйе арқылы жұмыс істейтін парақшаларда «жеке таныстыру қызметі» коммерциялық форматқа айналғаны байқалады. Бұл толыққанды бір отбасының шырқын бұзуы мүмкін. Себебі мешітке барып, некесін қиып жатқандардың отбасының бар-жоғын анықтап жатқан адам жоқ. 

Кезіндегі ең атышулы жұп болған Дәурен Айдарқұлов пен Ақбота Сейітмағамбеттің де некесі заңды түрде емес, мешітте молда қиған. Бұл жайлы ол «Zamandas» подкастында екі бірдей әйелмен отбасылы болғанын айтқан еді. Ол бірінші әйеліне неке қиғаннан кейін ғана қоңырау шалып айтқанын мойындады. Ол аң-таң болған жүргізушілерге «діни жолда болмаған соң, сендер түсінбей отырған боларсыңдар» дейді. Расымен елімізде бірін-бірі әпке, ақи бауырым деп айтатын бөлек комьюнити қалыптасты. Қоғамға сәл жатырқай қарайтын, оқшау жүретін, бір қауымдастыққа айналған бұл топтарда әйелдері хиджаб киіп, ер адамдары сақал қойып, қатаң догмаларды сақтап жүретіні байқалады.

Жуырда журналист Жанар Байсеміз алған сұхбат әлеуметтік желіде үлкен дау тудырды. Онда дін ұстанатын Құрбанәлі Ахмет екінші әйелін қайын атасы «сыйға бергенін», кейін отбасылық жанжалдан соң онымен ажырасып, шәкіртіне үйлендіргенін айтқан. Бұл жердеде екінші әйелімен некелесуді бірінші әйелімен келісіп шешпегені айтылды. Бұл пікір желі қолданушылары арасында түрлі реакция туғызды: бір бөлігі мұны әйел құқығын таптау, адамды зат ретінде қарау деп сынаса, енді бірі журналисті сынға алды. Қоғамдық резонанстан кейін дін өкілі де, журналист те жауапкершілікке тартылды.

«Ол ақидаға қатысты емес нәрселерді айтып, аудитория жинап жатыр»

Дарын Мубаров қана емес, басқа да әкімшілік жауапкершілікке тартылған дін жолындағы азаматтар бар. Солардың бірі — Нұржан Смағұлов. Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінде лекция оқып: «Педофилдің бар болуы — Алланың бар екенінің дәлелі» деп, кейін бір сұхбатта: «Атеистер сиыр сияқты» деген даулы сөздері қоғамның үлкен наразылығын туғызған. Оған атеистерді сиырға теңегені үшін сот шешімімен 25 АЕК, яғни 108 125 теңге көлемінде айыппұл салынды. 

Нұржан Смағұлов Дарын Мубаровқа қатысты «тыңдауға бола ма?» деген сауалға ол тыңдауға болмайтынын, абайлап, сақтықпен айтады. 

«Дарын жақсы сөйлейді деген сөз қандай мағынада? Әрдайым тура әһлу сунна жамағаттың ақидасын дұрыстап айтады десеңіз, бұл қате. Яғни, кейбір моменттерде мүмкін Дарын бауырымыз, ағамыз ата-анаға жақсы қарау деген секілді тақырыптарда дұрыс айтуы мүмкін. Бірақ бұл ол кісінің сөзінің барлығы дұрыс деген мағынаны, жақсы сөйлейді деген мағынаны бермейді. Сондықтан да Дарын жақсы сөйлейді деген адамдар, Дарынның бүкіл сөзін тыңдап шықса екен. Жалпы сәләфиттік ағымда екенін біледі өзі. Жалпы өзі мойындайды деп ойлаймын. Сәләфиттік ағымда болса, біздің ханафи мәзһабының ғалымдары бойынша пәтуасын алуға болмайды. Бір-екі жақсы сөзіне қарап емес, жалпы картина бойынша баға берілуі керек. Көп жағдайда адасқан топтар өздерінің адасқанын көрсетпеу мақсатында адамдардың естігісі келіп тұрған сөздерді айту арқылы жаңағы ақидадағы нұқсандарды жапқысы келеді. Ол кісі ақидаға қатысты емес нәрселерді айтып, аудитория жинап жатыр деп ойлаймын. Дарын ағамыз өзінің сәләфит екенін ашық мойындаған адам», — деді Нұржан Смағұлов.

«Ел ішіне лаң салған адамға айыппұл салу жеткіліксіз»

Айта кетейік, Youtube-та соңғы уақытта діни подкастар саны көбейген. Бірнешеуін назарларыңызға ұсынамыз:

  • «Daguat KZ» — 161 мың жазылушы;
  • «Bekbolat_Uztaz» арнасы — 1,98 мың жазылушысы бар;
  • «Yasin media studio» арнасы — 5,25 мың жазылушы;
  • «Taubege kel» арнасы —14,2 жазылушы. 

Осы аталған арналарда кейбір подкастарда Данияр Кенжеұлы сөз сөйлеген. Негізінен сәләфиттік бағытқа қарсы айтылған сөздер бар. Соның ішінде атышулы Дарын Мубаров жайлы пікірлер де айтылған.


Данияр Кенжеұлы өзін ханафи фиқһы, магистрі, аудармашы, кітап жазушы адам ретінде таныстырады. Жақында биыл ақпан айында Дарын Мубаров жайлы ашық пікір білдірді. Мубаровты «ел ішіне лаң салды» деп атады. 

«Дарын Мубаров әхлу сунна уәл жамағаның (ред. Сүннет жолымен жүретіндер) адамы емес. Өтің жарылып кетсе де, саған ұнаса да, ұнамаса да ақиқаты осы. Көбі «Дарынды тыңдап намазға келдім» деп айтады. Иманға келк бер, намаз оқи бер. Бірақ та Дарын Мубаров кім деген сұраққа мен не деп жауап беруім керек? Ол уаххабит деп жауап беремін. Алла куә, мына құлағыммен естігенмін. «Намаз оқымаған адам кәпір» деген ол кісі. Бастапқы жылдары. Сосын бұл видео өшірілді. Қазір бұл видео жоқ. Енді қазір ол кісі «Намаз оқымаған адам кәпін ме?» деген сұраққа былай деп жауап береді: «Оларға дін әлі жеткен жоқ. Сондықтан біз оларды кәпір дей алмаймыз» деп бастайды. Бұл сөз әдемі жауып тұр. «Олар негізінде кәпір, таухидті дұрыс жеткізейік. Егер де қабылдамаса, сол кезде біз кәпір деп айта аламыз» дейді. Осындай нәрсемен істейді. Оны қарапайым халық түсінбейді. Тастап-тастап отырады. «Мұсылман мен кәпірдің арасын бөлетін намаз» дейді. Хадисті алады болды. Хадиспен үкім шығарады. Сен кімсің хадиспен үкім шығара алатын? Ешкім Құран хадистен үкім шығара алмайды», — деді Данияр Кенжеұлы. 

Айта кетейік, Дарын Мубаровқа діни мазмұндағы материалдарды заңсыз таратқаны үшін 490-баптың 8-бөлігі бойынша 200 АЕК (865 000 теңге) айыппұл салынды. Осы оқиғадан кейін Данияр Кенжеұлы былай деп жазды:

«Ел ішіне лаң салып, қате түсінігін дін етіп көрсеткісі келетіндерге тек айыппұл жеткіліксіз! Сенімі дұрыс болмаған адамның ұстанымы да дұрыс емес. Әдемі сөйлеп білімі жоқ жамағатты арбау оңай, бірақ көзі ашық адамдарға бұл кісіден келетін қауіп белгілі! Шара қолдану керек», — деді Данияр Кенжеұлы.

Айта кетейік, марқұм Әбдіғаппар Сманов оны «ақидада адасқан» деп «Мүфтият қайырды» деді. «Осы уақытқа дейін мүфтияттың пәтуасымен жүргендер қамалмады. Дарынның уағызын тыңдамаңдар» деген сөзі бар. Сондай-ақ көпшілікке белігілі имам Арман Қуанышбаев та оның ақидада қателесетінін айтқан болатын. Дегенмен Дарын Мубаровтың жанкүйерлері өте көп.

Заң не дейді? 

Қазақстанда діни мазмұндағы материалдарды тарату заңмен қатаң қаралады.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 9-бабына сәйкес, діни әдебиеттер мен өзге де ақпараттық материалдарды тек құлшылық орындарында, діни оқу орындарында және жергілікті атқарушы органдар арнайы белгілеген орындарда ғана таратуға рұқсат етіледі.

Заң талаптары тек басып шығарылған кітаптарға ғана емес, миссионерлік қызметке де қатысты. Яғни, діни көзқарасты насихаттау үшін азамат арнайы тіркеуден өтіп, ресми мәртебе алуы тиіс. Әлеуметтік желілер мен YouTube платформаларында діни тақырыптарды қозғау өздігінен заң бұзушылық болып саналмайды. Алайда егер мұндай контент миссионерлік сипат алып, заңда белгіленген талаптарды айналып өтсе, онда жауапкершілік бар.

Діннің адам санасына әсері

«Ислам діні — ең таза дін». «Ислам дінінде зорлық жоқ». Дәл осы сөздер барша мұсылманға бағыт беретін темірқазық жұлдызына айналған десек артық айтқандық емес. Себебі діни араздықты қоздыратын, басқа дін өкіліне, басқа ұлтқа, жалпы адамзатқа жеккөрініш туғызатын идеялар бұрыннан бар. Оның адамзаттың санасына тікелей әсер ететініне ең қайғылы тарихи деректер дәлел. Көпке әсер ететін идеяларды түрлі күштер саяси құрал ретінде бұған дейінгі ғасырларда адамдар тобырды басқару үшін оны өте сәтті пайдаланды. Мысалы, еврейлерге деген жеккөрініш қайдан шықты? Жазушы Таласбек Әсемқұлов өз еңбектерінде «Сион пайғамбарларының протоколдары» атты шығарманы талқылайды. «Сион пайғамбарларының протоколдары» — еврейлердің дүниежүзін басып алу жоспары ретінде сипатталған, 20-ғасырдың басындағы жалған антисемиттік құжат. Таласбек Әсемқұлов оның саяси аңыз екенін, антисемитизмнің нағыз өзі екенін атап өткен. Антисемитизм — еврей халқына немесе иудаизм дінін ұстанушыларға өшпенділік пен кемсітушілік идеологиясы. Осы идеологияның кесірінен еврей халқының ең ірі қасіреті — Холокост болды. Ол 1939–1945 жылдары Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде болып, нацистік режимнің қудалауы салдарынан шамамен 6 миллион еврей қырылды. 6 миллион адамның шырағы сөнді. Крест жорықтары, араб шапқыншылығы, орта ғасырдағы шіркеу инквизициясы тағы сол секілді адамзаттың тарихындағы үлкен қылмыстар бар. 

Ең маңызды мәселе — идеялардың адамзатты ең жауыз, қанқұйлы әрекеттерге итермелей алатынында. Сондықтан «Құранда былай жазылған» деп тәпсірлеп уағыз айта беретіндерге көзсіз бас шұлғымай, «ел тыңдап жүрген уағызшылардың сөзінің астарында расымен игілікке шақыру жатыр ма?» деген сұрақты қою керек.

Qaz365.kz редакциясы нақты тұжырым жасамай, осы мәселелер турасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлынан жауап күтеді.

Еске сала кетейік, жақында «Ақжол» партиясының депутаттары теріс діни ағымдарды ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қарауды ұсынған болатын.