Фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен қолөнер шеберлері қатысуда
Бүгін Маңғыстау облысында «Ұлттық мұра: Құрақ пен шашақ үндестігі» атты ауқымды мәдени фестиваль өтуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Фестиваль Маңғыстау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты, Жаңаөзен аналар кабинеті, «Риза ана» қоғамдық қоры және Ақтау қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен өтуде.
Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін жаңғырту, құрақ құрау мен шашақ өнерін кеңінен насихаттау және оны келер ұрпаққа аманат ету.
Фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда, Астана қаласы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай облыстарынан делегациялар қатысуда. Сонымен қатар, қолөнер шеберлері мен өнер өкілдері бас қосып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алып отыр.
Салтанатты ашылу рәсімінде ҚР премьер министірінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов ұлттық өнерді насихаттаудың маңызын атап өтіп, қатысушыларға алғыс білдіріп, сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев құттықтау сөз сөйледі.
– Маңғыстауда өтіп жатқан осынау ауқымды фестивальде сіздердің еңбектеріңізді көру – үлкен мәртебе. Маңғыстау өңірі ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, мұрамызды ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеді. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы ақмаржан Ақтау қаласы бүкіл түркі әлемінің мәдени астанасы болды. Одан бөлек, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мақсатында, сіздердің қолдауларыңызбен теңіз жағасында ұлттық киіммен жиналып, Гиннес рекордын жаңарттық. Бұның барлығы – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Сондықтан алыстан ат терлетіп келген құрметті қонақтарға қош келдіңіздер деймін. Өңір басшысы Нұрдәулет Игілікұлы бұл бастамаларға әрқашан қолдау білдіріп келеді. Осы фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне де басынан бастап ықпал етті. Бұл құндылықтарды тек Маңғыстау емес, республика деңгейінде насихаттауға атсалысып жүрген сіздерге басымды иіп, алғыс айтамын. Асыл мұрамызды дәріптеу – біз үшін аса маңызды іс. Осынау ауқымды мәдени фестивальге сәттілік тілеймін, - деді Аббат Өрісбаев.
Фестиваль барысында мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйланды. Сахна төрінде дәстүрлі және заманауи бағыттағы әндер шырқалып, мың бұралған бишілер өнер көрсетті. Сондай-ақ, қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылып, шеберлер өз туындыларын әділ қазылар алқасына таныстырды.
Іс-шара барысында «Аналар кабинеті» қоғамдық қорының директоры Тілектес Болатбаева құрақ пен шашақ өнерінің мән-мағынасына тоқталды.
– «Құрақ пен шашақ үндестігі» фестивалі алғаш рет Маңғыстау облысында өтіп отыр. Бүгінде оған тек жергілікті шеберлер ғана емес, батыс өңірлерден келген қонақтар да қатысуда. Қазақтың дәстүрі осы бұйымдармен тығыз байланысты. Құрақ «құралсын», «біріксін» деген мағына береді. Ал шашақтың бірнеше түрі бар: есік шашақ, бесік шашақ, шашу шашақ, киіз үйге арналған шашақтар. Қазіргі таңда үйде отырып құрақ құрайтын қыз-келіншектер де бар. Мысалы, ши құрақ, мүйіз құрақ секілді түрлері кездеседі. Бұл – өте күрделі әрі еңбекті қажет ететін өнер, – деді Тілектес Болатбаева.