Бүгін «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов жұмыс сапарымен Абай облысына келді. Сапар барысында ол облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Семей қаласының сол жағалауындағы Степной кентінде орналасқан үшінші жылу электр орталығының (ЖЭО-3) құрылыс алаңын тексерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жаңа ЖЭО құрылысы жобасы аясында 2025 жылы қазан айында ҚР Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес ұйымы – «Семей Энерго» ЖШС арасында келісімшартқа қол қойылды. Қазіргі уақытта жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, биыл қаңтарда жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау және құрылыс жұмыстарын орындау бойынша EPC-келісімшарт жасалды.
Жобаға сәйкес ЖЭО-3-тің белгіленген электр қуаты 405 МВт, ал жылу қуаты — 1000 Гкал/сағ болады. Негізгі отын ретінде «Қаражыра» кен орнының көмірі пайдаланылмақ. Станция құрамына әрқайсысының өнімділігі сағатына 650 тонна болатын төрт бу қазандығы және қуаты 135 МВт болатын үш турбогенератор кіреді. Нысанның жалпы аумағы шамамен 190 гектарды құрайды.
«Бұл жобаның өңір үшін маңызы зор. Жаңа жылу электр орталығы Семейдегі энергия тапшылығын азайтып, тұрғындарды тұрақты жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етеді», — деді облыс әкімі.
Құрылыс жұмыстары биыл сәуірде басталды. Нысанды 2029 жылы желтоқсанда пайдалануға беру жоспарланған.
Жобамен танысқаннан кейін Нұрлан Жақыпов алаңда «Самұрық-Энерго», «Семей Энерго» ЖШС басшылығымен және мердігерлермен кездесіп, нысанның стратегиялық маңызын атап өтті.
«Жаңа жылу электр орталығы өңірдегі экологиялық жағдайға оң әсер етеді. Жобада «таза көмір» технологиялары мен заманауи газ тазарту жүйелері қолданылмақ, бұл қаладағы көмірмен жұмыс істейтін энергия көздерімен салыстырғанда шығарындыларды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Нысанды 2029 жылы іске қосу жоспарланған және ол белгіленген мерзімде жүзеге асырылуы тиіс. Жұмыстарды жеделдету үшін барлық қажетті шараларды қабылдау қажет», — деді «Самұрық-Қазына» басшысы.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Семейдің сол жағалауында 2, ал оң жағалауында 18 жылыту нысаны жұмыс істейді.