Қарағандыда ер адам 18 жастағы әйелін ұрып-соғып, көкбауырын түсіріп, баласын тартып алды

Qaz365.kz редакциясы

«Қорғау» қоры істі өз бақылауына алды

Қарағандылық Ризаның басынан өткен жағдай — шын мәнінде қорқынышты фильмге ұқсайды. Бұл оқиға ол небәрі 16 жаста болғанда басталған. Екі жыл бойы үздіксіз соққы көріп, «жүксалғышқа салып алып кетемін» деген қоқан-лоққыға төзіп, күмәнді жағдайда ажырасқан. Кейін күйеуі тағы ұрып-соғып, дәрігерлер оның көкбауырын алып тастауға мәжбүр болды. Қазір жәбірленуші күйеуінің ықпалды таныстары оны жазадан құтқарып жібере ме деп қауіптенеді.

Qaz365.kz істің мән-жайын анықтады.

Бұл туралы Астанадағы «Қорғау» қоры мен Қарағандыдағы «Шанс» дағдарыс орталығының жетекшісі Анна Рыль мәлімдеді. Зардап шеккен қыздың туыстары осы ұйымдардан көмек сұраған. Барлығы 16 жастағы мектеп оқушысына 31 жастағы ер адамның сөз салуынан басталған. Алғашқы әдемі сөздер мен қамқорлық көп ұзамай зорлыққа ұласқан. Ризаның айтуынша, ол өзі де, ата-анасы да күйеуі қорқытқан соң үнемі үреймен өмір сүрген.

«Мен одан қатты қорқатынмын. Ол бұрын адамдарды көліктің жүксалғышына салып, қала сыртына апарып сабағанын айтып қорқытатын. Ол мені алғаш рет ұрып-соғып, жақындыққа мәжбүрлегенде небәрі 16 жаста едім. Ата-анам полицияға арыз жазбақ болды, бірақ ол кешірім сұрап, мен жағдай одан сайын ушығып кетеді ме деп қорықтым», – дейді Риза (аты өзгертілген).

17 жасында ол ұл босанды. Кейін ресми некеге тұрғанымен, зорлық тоқтамаған, тіпті жүктілік кезінде де жалғасқан. 2026 жылы ер адам ажырасуға өтініш беріп, қорқыту арқылы жас ананы сотта бір жастағы баланы өзіне қалдыруға мәжбүрлеген.

«Ол сотта өз адамдары бар екенін айтты. Қоқан-лоққымен мені балам әкесімен қалсын деп келісуге көндірді. Судья солай шешім шығарды. Осы арқылы мені “жіпсіз байлап” қойды: енді кез келген сәтте үйден қуып, егер ұрып-соғу туралы шағымдансам, балама жолатпайтынын айтты. Мен оның айтқанын орындауға мәжбүр болдым», – дейді жәбірленуші.

8, 9 және 10 сәуір күндері ер адам қызды үш күн қатарынан соққыға жыққан. Ішінің ауруы жан төзгісіз деңгейге жеткенде, Риза тәуекелге барып, ағасына хабарласқан. Полиция мен жедел жәрдеммен бірге келген туыстары оны ауыр хәлде тапқан. Қызды бірден ауруханаға жеткізіп, шұғыл ота жасап, көкбауырын алып тастаған.

«Соңғы рет ол мені үш күн қатарынан ұрды. Денем көгеріп кеткен, ішім қатты ауырды. Қазір ауруханада жатырмын, бір ағзамды алып тастады. Оны босатып жібере ме деп қатты қорқамын. Оның таныстары, ықпалды достары көп, фитнес-клубына тегін келіп жүреді. Қудалаудан қорқамын, өйткені ол бүкіл отбасымды өлтіремін деп қорқытқан», – дейді қыз.

Қазір «Қорғау» қоры бұл істі бақылауына алған. Іске адвокат пен психологтар тартылған. Қоғам белсенділері денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін қатаң жаза тағайындауды ғана емес, агрессордың қолында қалған баланың тағдырына қатысты сот шешімін қайта қарауды да талап етпек.