Қосшы қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық жүгіру өтті

Qaz365.kz редакциясы

Шараға мыңға жуық адам қатысты

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін, 16 сәуір күні Қосшы қаласында «Жаңа қала – Таза қала» атты ауқымды экологиялық акцияның қорытындысы шығарылды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен іс-шара өңір үшін маңызды кезеңмен тұспа-тұс келді - биыл Қосшы қаласының қала мәртебесін алғанына бес жыл толып отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Шараға волонтерлер, кәсіпкерлер, депутаттар және белсенді қала тұрғындарын қоса алғанда мыңға жуық адам қатысты. Қатысушылар экоплоггинг форматында - жүгіру барысында қоқыс жинау арқылы қаланың қоғамдық кеңістіктері мен жағалау аймақтарын тазартты. 

Қала аумағы тоғыз мобильді топқа бөлініп, әрқайсысына кураторлар жетекшілік етті. Ұйымдастырушылар қатарында Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы мен қалалық әкімдік бар.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев тұрғындардың қала дамуына белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті:

«Құрметті жерлестер, қадірлі жастар! Бүгін біз «Жаңа қала – Таза қала» атты ауқымды экологиялық акция аясында бас қостық. Бұл шараға тек қала тұрғындары ғана емес, облысымыздың түкпір-түкпірінен келген белсенділер де қатысуда. Осындай бастамаларды қолдау – Мемлекет басшысы ерекше мән беріп отырған игі іс», – деді ол.

Қатысушылар үшін плоггинг форматы спорт пен қоғамдық пайдалы істі ұштастыруға мүмкіндік берді.

«Жас қаламыздың қалай өзгеріп жатқанын көру өте қуанышты. Біз бүгін үлкен команда болып шығып, Қосшы жастарының таза әрі салауатты орта үшін екенін көрсеттік. Қала мерейтойы жылында мұндай акциялардың маңызы ерекше, олар бізді ортақ мақсатқа біріктіреді», – деді Аида Біржанова.