Роман Скляр ERG тау-кен холдингінің басшысы болып тағайындалуы мүмкін

Qaz365.kz редакциясы

Роман Скляр Eurasian Resources Group (ERG) тау-кен алпауытын басқаруы мүмкін. Бұл туралы Financial Times (FT) басылымы компанияның ішкі құжаттарына сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мәліметке сәйкес, осы жұма күні ERG директорлар кеңесі басшылық құрамдағы ірі ауыс-түйістерді, соның ішінде Р. Склярды холдингтің жаңа басшысы етіп тағайындау мәселесін дауысқа салу үшін жиналады. Қазіргі уақытта компанияны ERG негізін қалаушылардың бірі Әлижан Ибрагимовтың ұлы – Шухрат Ибрагимов басқарып отыр.

FT басылымының жазуынша, холдинг ішінде бақылау орнату үшін күрес жүріп жатыр және акционерлердің мүдделері әртүрлі. Бұған дейін Машкевич және Шодиев отбасылары өз үлестерін қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліпке сатуды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын. Мәміле құны шамамен 1,4 млрд долларға бағалануда және оған швейцариялық Glencore компаниясы қолдау білдіруге дайын.

Басылымның пайымдауынша, Роман Склярдың ықтимал тағайындалуы және акционерлердің ауысуы ERG компаниясына Қазақстан билігінің ықпалын күшейтуі мүмкін. ERG – Қазақстан экономикасындағы стратегиялық маңызы бар, металлургия және энергетика саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі.