Көкшетауда Отан қорғаушылар күні атап өтілді: «Жағалаудағы» айбынды шара

Qaz365.kz редакциясы

Мерекелік бағдарлама күштік құрылымдардың көрсетілімдерімен және әскери-патриоттық клубтардың өнерімен басталды

 

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін Көкшетау қаласындағы «Жағалау» жағажайында Отан қорғаушылар күніне арналған кең көлемдегі мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиында әскери қызметшілер марапатталып, жасөспірімдер қатары «Жас ұрпақ» қозғалысымен толықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мерекелік бағдарлама күштік құрылымдардың көрсетілімдерімен және әскери-патриоттық клубтардың өнерімен басталды. Салтанатты шарада Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов құттықтау сөз сөйлеп, бұл күннің мемлекет үшін маңыздылығын атап өтті.

«Отан қорғаушылар күні  бұл батылдықтың, төзімділік пен патриотизмнің символы! Қазіргі таңда әскеріміз жаңа деңгейге көтеріліп, заманауи және жауынгерлік қабілеті жоғары күшке айналды. Мәселен, бүгінде екі мыңнан астам ақмолалық жас жігіт әскер сапында нағыз ерлік мектебінен өтуде. Дәл осы армияда жастар жинақылықты, мақсатқа жетуді және қиындыққа төтеп беруді үйренеді. Олар үшін Отанға қызмет ету  жай ғана әскери борыш емес, ол өмірлік мақсат пен ұстаным», – деді Елдос Рамазанов.

Шара барысында еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтарға ведомстволық медальдар мен облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды. Атап айтқанда, Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, полковник Қанат Омаров «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері» медалімен марапатталды.

«Отанға адалдық, аға буынның ерлігіне құрметпен қарау және ел болашағы үшін жауапкершілікті сезіну  нағыз Отан қорғаушының басты құндылықтары. Біздің ерлігі мен адалдығы жаңа ұрпаққа үлгі болған ардагерлерімізге, әкелеріміз бен аталарымызға алғысымыз шексіз», – деп атап өтті ол.

Іс-шараның тағы бір маңызды бөлігі 20 мектеп оқушысының «Жас ұрпақ» балалар қозғалысының қатарына салтанатты түрде қабылдануы болды. Облыстық прокуратура мен білім басқармасының бастамасымен құрылған бұл ұйым жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуды көздейді.№1 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Аягөз Марат ант қабылдау сәтіндегі толқынысын жасырмады:

«Бүгін мен «Жас ұрпақ» қозғалысының мүшесі атандым. Менің қабылдаған антым  Қазақстанымды шексіз сүю, Отаныма адал қызмет ету, оқу мен еңбекте алда болу және әрқашан шыншыл әрі тәртіпті болу. Баршаңызды 7 мамыр Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!» – деді ол.

Мерекелік шара Ақмола облысы полиция департаментінің вокалдық тобы мен Жедел қимылдайтын арнайы жасағының орындауындағы рухты «Сауыт» музыкалық композициясымен қорытындыланды.