«Қазгидромет» РМК мамандарының дерегінше, Қазақстанда 7-9 мамыр аралығында өтетін мереке күндері тұрақсыз, жаңбырлы ауа райы сақталады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Синоптиктердің болжауынша, еліміздің басым бөлігінде найзағай ойнап, жауын-шашын болады, сондай-ақ бұршақ жауып, дауылды жел тұруы ықтимал.
Ауа райының қолайсыздығы әсіресе батыс және солтүстік өңірлерде айқын байқалады. Батыста үш күн қатарынан, ал солтүстікте 8 және 9 мамыр күндері қатты жаңбыр жауады деп күтілуде. Шығыс Қазақстанда жауын-шашын 9 мамырда басталса, оңтүстікте ауа температурасының жоғары болуына байланысты найзағаймен ұласқан қысқа мерзімді жаңбыр өтеді.
Жауын-шашынға қарамастан, ел аумағында айтарлықтай жылы ауа райы сақталады. Күндізгі уақытта термометр бағамы батыста +18…+28 градусты, солтүстікте +18…+23 градусты, ал орталықта +20…+28 градусты көрсетеді.
Еліміздің шығысында ауа температурасы +25…+30 градусқа дейін көтерілсе, ең жоғары көрсеткіш оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда тіркеледі, мұнда күн +28…+33 градусқа дейін ысиды. Мамандар тұрғындарға мереке күндері жоспар құрғанда ауа райының құбылмалылығын ескеруге кеңес береді.