Астанада көлік басып кеткен бүлдіршіннің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Qaz365.kz редакциясы

Оқиғаға байланысты көлікке автотехникалық сараптама тағайындалған

Фото: Бейнеден кадр

3 мамырда Астанада көпқабатты үйдің ауласында көлік 1 жастан асқан баланы басып кетіп, бала алған жарақаттарынан көз жұмған еді. ІІМ өкілі Санжар Әділовтің айтуынша, қазіргі кезде оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Санжар Әділовтің сөзінше, аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігімен іс қозғалып, жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда автотехникалық сараптама тағайындалған.

«Астанадағы көлік басып кеткен бүлдіршіннің өлімі бойынша ҚҚ 345-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Толық тергеу жүргізуліп жатыр. Бұл қылмыс бақылауда. Автотехникалық сараптама тағайындалды. Соның нәтижесіне байланысты шешім қабылданады», — деді ІІМ өкілі Санжар Әділов.

Қазіргі уақытта іс ІІМ бақылауында, сараптама қорытындысына сәйкес процессуалдық шешім қабылданбақ.

Айта кетейік, 3 мамыр күні Астана қаласындағы Иманов көшесінде орналасқан үйлердің бірінің ауласында көлік жүргізушісі кішкентай баланы қағып кетті. Алған жарақаттары салдарынан 1 жас 8 айлық бала оқиға орнында тіл тартпай кетті.