Қазақстанда атом электр станцияларын салу мен жөндеуге жұмсалатын қаражат көлемі мемлекеттік құпия ретінде жіктелуі мүмкін. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов үкімет брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
29 сәуірде Мәжіліс мемлекет қауіпсіздігіне жауапты құрылымдардың жұмысын күшейтуге бағытталған заң жобасын қабылдады. Құжат мемлекеттік құпияларды қорғауды нығайтуды көздейді. Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі күнге дейін энергетикалық жобалар ашық өтіп келген, алайда АЭС жобасының ауқымы мен халықаралық сипатына байланысты жағдай өзгеруі мүмкін.
«АЭС бойынша мұндай ықтималдық бар. Өйткені бұл өте ірі жоба. Шамасы, үкіметаралық келісім жасалады. Бірақ бұл сұраққа Атом энергиясы жөніндегі агенттіктегі әріптестерім нақтырақ жауап беретін шығар. Осы уақытқа дейін біз өз жобаларымызды жасырған емеспіз, тендерлер мен аукциондар ашық өтеді», — деді вице-министр.
Еске сала кетейік, сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2050 жылға дейінгі атом саласын дамыту стратегиясын бекітті. Осы құжатқа сәйкес, 2050 жылға қарай елімізде кемінде үш атом электр станциясы жұмыс істеп тұруы тиіс.