«Қасымызда ешкім болмады»: Меруерт Өтекешова Құман Тастанбековтың қалай көз жұмғанын айтты

Qaz365.kz редакциясы

Дау тудырған бір камзолдың арқасында халық әртісі Меруерт Өтекешова жайлы түрлі сұхбаттар шықты

Коллаж: Qaz365.kz / Нейро желі арқылы жасалды

«Қыз Жібек» фильміндегі камзолды киіп желіге салған Баян Алагөзованың әрекетін жұрт қызу талқылады. Осы орайда журналистер әйгілі «Қыз Жібек» фильміндегі басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешовадан сұхбат алды. Мая Бекбаеваға берген сұхбатындa актриса Құман Тастанбековпен қалай табысқандарын және оның өмірінің соңғы сәті жайлы айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Актриса көп актерлердің ішінде дәл Төлегеннің рөлін сомдайтын Құман Тастанбековтың шоқтығы биік тұрғанын айтты.

«Бұл туралы көп әрі ұзақ айтуға болады. Қысқаша айтсам, киностудияға алғаш келгенде мен жай ғана үнсіз кіріп, бір бұрышта тұрып, айналамды бақылап жүрдім. Сол кезде алғаш рет Құманды көрдім. Ол жерде Төлегендер де болды, бірақ Төлегендердің өзі санаулы еді. Солардың ішінде ол ерекше көзге түсетін. Себебі ол театрдың үшінші курс студенті болатын. Бойында сол кездің өзінде бір дайындық бар еді. Киноның не екенін, түсірілімнің қалай болатынын білетін. Бұрын массовкада да ойнаған, тәжірибесі бар еді. Сырт келбеті де өте жарқын, көз тартарлық болатын. Сол жарқындығы мен харизмасы өмір бойы өзгерген жоқ. Мен әрқашан ең сұлу адам — менің әкем, ал одан кейін Құман деп айтып жүремін», — деді Меруерт Өтекешова.

Меруерт Өтекешова Құман Тастанбековпен сезімдері түсірілім кезінде-ақ пайда болғанын айтты. 

«Біздегі сезім түсірілім кезінде-ақ пайда бола бастады деп ойлаймын. Бір кадр есімде: мен онымен сөйлесіп тұрмын, ол бесікті ұстап тұрған. Сонда мен тіпті түсірілім жүріп жатқанын да ұмытып кеттім. Ол бірде күліп, бірде бірдеңе айтып жатты, мен жауап бердім. Сөйтіп сол көрініс өте жеңіл әрі табиғи шықты. Сұлтан (ред. Қожықов) да риза болды», — деді Меруерт Өтекешова.

Меруерт Өтекешова Құман Тастанбековтың соңғы сәттері жайлы да айтты. Денсаулығына байланысты көп ұшаққа отыруға болмаса да, Құман Тастанбеков туыстарының тойына барған. Жиеніне өз батасын беремін деп барған. Меруерт Өтекешова сол тойдан кейін қонақүйде Құман Тастанбековтың көз жұмғанын айтты. Актриса жұбайының көз жұмғанын білген. Дегенмен қыздары жүгіріп келіп, қатты алаңдаған соң оған ештеңе айтпай, «дәрігер келіп қарайды» деп сабасына түсірген. 

«Той соңында бәрі шаршайды ғой. Мен де ол шаршаған шығар деп ойладым… Біз джипке отырдық. Ол ана туралы ән айтты… Бұл оның сүйікті әні еді… Өте ерекше үнмен айтып отырды… Артқы орындықта отырдық… Мен сол сәтте оның өмірден кететінін мүлде ойламадым… Қонақүйге кіріп, диванға отырды. Мен бір сәтке теріс бұрынғанмын… қайта бұрылып қарасам жүріп кеткен екен. Мен дәрігер емеспін ғой. Не істей алар едім? Бірақ мен мықты адаммын. Сол сәтте тіпті қайғыра алмадым. Себебі қызым жүгіріп келіп: "Әкеме не болды?" деп сұрай бастады. Мен: "Әкең есінен танып қалды. Қазір дәрігер келіп, ем салады, сосын бәрі жақсы болады. Барып демала ғой" дедім. Ал ол қайтыс болған еді. Жүрені тоқтап қалған. Мен таңға дейін жүрдім. Әйтеу біреу-міреуге хабарласуға мүмкіндік туып таң атты. Бірақ тағы да қасымызда ешкім болмады. Иә, кейінірек туыстар келгені рас... Қайтеміз енді. Тағдыр басқа салған соң, өмір жалғасып жатыр. Немереміз дүниеге келді. Ол (ред. Құман Тастанбеков) көріп кетуді армандаған еді, көре алмады. Бірақ немереміз атасына ұқсайды. Суреттерін көріп "ата, ата" дейді», — деді Меруерт Өтекешова. 

Айта кетейік, Меруерт Өтекешова — қазақ киносы мен театрының алтын қорына енген актриса, халық әртісі. Ол «Қыз Жібек» фильміндегі басты рөлі арқылы ұлттық экран өнерінің символына айналып, қазақ әйелінің нәзік те қайсар бейнесін жаңа деңгейге көтерді. Өнер жолын киностудиядан бастап, театр мен кинода сан түрлі күрделі кейіпкерлерді сомдады.

Еске сала кетсек, Баян Алагөзова «Қыз Жібек» фильміндегі камзолды киіп желіге салғанда жұрт өре түрегеліп, қызу пікірталасқа көшкен еді. Меруерт Өтекешова осы жағдайға қатысты пікірін айтты.