Астанада стоматологияда тіс емдетпек болған 20 жастағы жігіт көз жұмды

Qaz365.kz редакциясы

Туыстары медициналық персоналды кәсіби міндетіне немқұрайлы қарады деп айыптап отыр

ашық дереккөзден

Астана қаласында стоматологиялық клиникада тіс емдетпек болған 20 жастағы Мұрат Есболған көз жұмды. Қайғылы оқиға Кенесары көшесіндегі емханада түнгі сағат 21:00 мен 21:30 аралығында орын алған. Бұл ақпаратты Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Марқұмның жақындарының айтуынша, екпе салар алдында науқасқа ешқандай аллергосынама жасалмаған. Алғашқы инъекциядан кейін жігіттің денесі құрысып, жағдайы күрт нашарлаған, бірақ соған қарамастан медицина қызметкерлері препаратты екінші рет егіп жіберген. Бұл туралы әлеуметтік желіде жариялаған Әсел Айжанова есімді қолданушының жазбасында айтылады. Оның мәлімдеуінше, екпені тәжірибесіз практикант жасаған, ал стоматолог процесті бақылаусыз қалдырған.

Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалғанын жеткізді.

«Елордадағы стоматологиялық орталықтардың бірінде 20 жастағы тұрғынның өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Кешенді тергеу шаралары тағайындалды, олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Медициналық стандарттарға сәйкес, анестетик егілмес бұрын аллергосынама жасау – міндетті шара. Стоматологияда жиі қолданылатын лидокаин, ультракаин және артикаин сияқты препараттар анафилактикалық шокқа әкеп соқтыруы мүмкін. Қазіргі уақытта марқұмның туыстары медициналық персоналды кәсіби міндетіне немқұрайлы қарады деп айыптап отыр.