Астананы Қосшы қаласына жалғайтын жеңіл рельсті көлік (LRT) инфрақұрылымының құрылысы басталды. Бұл туралы City Transportation Systems (CTS) көлік кешенін басқару операторы мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жобаның екінші кезеңі аясында мамандар Қосшы бағытындағы алғашқы тірекке бетон құю жұмыстарын орындады. Сонымен қатар, елордадағы бетон зауытында желінің эстакадалық бөлігіне арналған алғашқы темірбетонды құрастырмалы арқалық дайындалды. Жоспар бойынша бұл бағытта 300-ден астам тірек тұрғызылып, 500-ден астам эстакадалық арқалық монтаждалмақ.
Бұл бағыттың құрылысы туралы шешімді былтыр қазанда Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жариялаған болатын. Әкімдіктің жоспарына сәйкес, болашақта LRT желісі тек Қосшыны ғана емес, қала орталығы мен ескі теміржол вокзалын да байланыстыруы тиіс.
Айта кетейік, әуежай мен жаңа вокзал арасындағы алғашқы жолақтың негізгі құрылысы аяқталып, қазір сынақ кезеңі жүріп жатыр. Ұзындығы 22 шақырымнан асатын бірінші бағыт жақын арада іске қосылады деп күтілуде. Жолақы құны 200 теңге көлемінде бекітілген.