Павлодарда 2 мыңнан астам мектеп қызметкерінің жеке деректері желіге тарап кетті

Qaz365.kz редакциясы
depositphotos

Павлодар қаласындағы 28 білім беру мекемесінің қызметкерлері туралы құпия ақпарат мемлекеттік сатып алу порталында ашық жарияланған. Прокуратураның араласуынан кейін 2065 қызметкердің жеке мәліметтері порталдан жойылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тексеріс барысында мектептердің медициналық тексеру қызметін сатып алу туралы хабарландыру жариялағанда, конкурстық құжаттамаға қызметкерлердің үй мекенжайларын, сауалнамалық деректері мен телефон нөмірлерін қоса тіркегені анықталды. Қазіргі уақытта бұл олқылыққа жол берген кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«Жеке деректердің еркін қолжетімділікте болуы еңбек заңнамасының нормаларын бұзумен қатар, оларды алаяқтық мақсатта пайдалану қаупін тудырды», — деп атап өтті қадағалау органының өкілдері.

Айта кетейік, Қазақстанда жеке деректерді жаппай тарату үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл көлемін 5 000 АЕК-ке (21 625 000 теңгеге) дейін ұлғайту қарастырылуда. Бұл шаралар цифрлық кеңістіктегі азаматтардың құпиялылығын қорғауды күшейтуге бағытталған.