Елімізде кәсіпкерлер неге жаппай жұмысын тоқтатып жатыр: Жұманғарин себебін түсіндірді

Qaz365.kz редакциясы

207 912 жеке кәсіпкер өз қызметін тоқтатқан

primeminister.kz

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылдың бірінші тоқсанында қызметін тоқтатқан жеке кәсіпкерлер (ЖК) мен жұмысын уақытша кідірткен кәсіпорындар санының арту себебін түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Салық органдарының мәліметінше, қаңтар-наурыз айларында 207 912 жеке кәсіпкер өз қызметін тоқтатқан, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам көп.

Министрдің айтуынша, бұл көрсеткіштің өсуі бизнес саласындағы құрылымдық өзгерістермен байланысты және бұған дейін болжанған.

«Біз бұдан да жоғары көрсеткіштерді – 300 мыңға дейін жабылуды күткен болатынбыз. Себебі нарықтан негізінен арнайы салық режимдерінде бизнесті бөлшектеу үшін пайдаланылған субъектілер кетеді деп болжанды. Қазіргі динамика бизнестің макроэкономикалық белгісіздік жағдайындағы бейімделу процестерінен шықпайды», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Статистикаға сәйкес, жабылған кәсіпкерлердің 94 мыңнан астамының 2025 жылы мүлдем табысы болмаған, ал 39 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне ауысқан. Сонымен қатар, елде жаңа бизнес өкілдерінің келуі де байқалады: бірінші тоқсанда 99 мыңнан астам жаңа салық төлеуші тіркелген. Бүгінде елімізде 584 мыңнан астам заңды тұлға мен 410 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат бар, олардың 85%-ы цифрлық платформалар (Яндекс, InDriver, Wolt) арқылы қызмет көрсетеді.

Жұманғарин сарапшылар арасында қызу талқыланған 184 мыңнан астам белсенді емес компания туралы дерекке де түсініктеме берді. Ол бұл көрсеткіштің тек биылғы емес, жылдар бойы жинақталған база екенін айтты. Нақты салықтық мәліметтер бойынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 62 557 кәсіпорын өз қызметін тоқтата тұрған, бұл өткен жылдармен салыстырғанда екі есе көп болғанымен, жалпы нарық үшін қалыпты адаптациялық процесс болып саналады.