Пара ұсыну, уәде ету немесе талап ету деген әрекеттер қылмысқа жатқызылды – Айдос Сарым

Qaz365.kz редакциясы
gov.kz

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобалары екінші оқылымда қабылданды. Депутат Айдос Сарымның баяндамасынан кейін палата мүшелері құжаттарды мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Заң жобаларын пысықтау барысында жұмыс тобы 50-ден астам отырыс өткізіп, бастапқы нұсқаны айтарлықтай кеңейткен. Егер алғашқы нұсқада 4 кодекс пен 5 заңға өзгеріс енгізу көзделсе, қазіргі таңда 5 кодекс пен 30-дан астам заңға түзетулер енгізілмек. Бұл өзгерістер 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асырудың маңызды кезеңі болып табылады.

Негізгі жаңалықтардың бірі – параны ұсыну, уәде ету немесе талап ету әрекеттерін қылмыс санатына жатқызу. Халықаралық тәжірибеге, соның ішінде ЭЫДҰ елдерінің стандарттарына сүйене отырып енгізілген бұл норма парақорлықтың жолын мемлекетке зиян келтірмес бұрын кесуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметші емес тұлғалардың ірі көлемде заңсыз сыйақы алуы немесе оны қорқытып алуы үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді.

Заң жобасында мүдделер қақтығысының алдын алу тетіктері егжей-тегжейлі реттелген. Енді «жеке мүдде» ұғымы нақтыланып, оны декларациялау міндеті белгіленеді. Мүдделер қақтығысы жағдайында қабылданған актілер мен мәмілелер заңсыз деп танылады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің атқарушы органдардан тәуелсіздігі заң жүзінде бекітіледі.

Құжат аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілеттіктері де қайта қаралды. Реформа нәтижесінде ведомствоның кейбір функциялары Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі арасында бөлінді. Сонымен қатар, заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін қылмыстық санкцияларға сәйкес жауапкершілігі қатайтылды.

Түзетулерде Конституциялық нормаларға сәйкестендіру жұмыстары да қамтылған. Мәселен, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге қатысты кейбір пропорционалды емес шектеулер алынып тасталды. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті заң жобасының сапалы әрі мазмұнды екенін растап, оң қорытынды берді.