Журналистер министрден кәсіпкерлердің қиындықтарға тап болып жатқаны жөніндегі пікірмен келісетін-келіспейтінін сұрады
Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жеке кәсіпкерлердің қызметін тоқтатуы және салық реформасының бизнеске ықпалы туралы сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, әрбір нақты жағдайды жеке қарап, себептерін анықтау қажет, өйткені бизнес жүргізуді енді бастағандар үшін бұл нар тәуекелге толы үдеріс, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Журналистер одан бұрын депутаттар көтерген мәселе туралы министрліктің хабарының бар-жоғын сұрады. Сондай-ақ салықтағы өзгерістерден кейін кәсіпкерлердің қиындықтарға тап болып жатқаны жөніндегі пікірмен келісетін-келіспейтінін сұрады.
«Қарағандыда, Астанада немесе Алматыда бизнес жабылып жатыр деп айтылған кезде, әрбір нақты жағдайда жабылу себептерін көрсету қажет. Адамның бизнес бастауы, кәсіпкер болуға бел бууының өзі – тәуекел. Ал ең үлкен тәуекел бизнестің бастапқы кезеңдерінде болады», – деді Жұманғарин.
Ол кәсіпкерліктің бастапқы кезеңдерінде бизнестің жабылуы көбіне нақты бір реформаның салдары емес, өз ісін бастауға шешім қабылдаған адамға кезігетін табиғи қиындықтарға байланысты екенін түсіндірді.
«Бизнестің өмірлік циклі деген кезеңдік даму үлгісі бар. Бірінші кезең – бизнес ашу туралы шешім қабылдайсың. Бірақ әлі нақты не істейтінің жөнінде айқын түсінік болмайды. Одан кейін иелік ету кезеңі басталады. Бұл кезде де жүйе қалыптаспаған, бәрі ретсіз, адам барлық іске бірдей ұмтылады. Содан кейін бизнестің өсу кезеңі келеді. Міне, осы үш кезең ең тәуекелі жоғары кезеңдер және көбіне бизнес дәл осы уақытта жабылады», – деді ол.
Жұманғариннің айтуынша, соңғы жылдары ашылған кәсіпорындардың едәуір бөлігі қазірдің өзінде қызметін тоқтатқан. Оның атап өтуінше, ол кезеңде әлі салық реформасы енгізілмеген болатын.
«Мен сіздерге айтқан кәсіпорындардың ішінде, 2022 жылдан 2024 жылға дейін ашылған 1 миллион 880 мың субъектінің бүгінгі күнге дейін 800 мыңнан астамы жабылып үлгерді. Бірақ ол уақытта ешқандай салық реформасы болған жоқ», – деді министр.
Сонымен қатар Жұманғарин B2B секторында салық реформасы шын мәнінде неғұрлым қатаң талаптар енгізгенін мойындады.
«Қазір көптеген бизнестің жабылу себебі – салық реформасының B2B секторында қатаң талаптар қоюы. Ал B2C секторына ол ешқандай әсер еткен жоқ», – деп мәлімдеді ол.
Оның айтуынша, мейрамхана, қоғамдық дәмханалар, дүкендер және соңғы тұтынушымен тікелей жұмыс істейтін басқа да бизнес иелері (B2C секторы) үшін жалпы алғанда қолайлы жағдай қалыптасқан.
«Мейрамхана, қоғамдық дәмхана саласы, дүкендер сияқты B2C бағытында жұмыс істейтін кәсіпкерлер, керісінше, риза. Қазір олардың лимиттері ұлғайды. Салық органдарымен қарым-қатынас та жақсарды», – деді Жұманғарин.
Ал ол B2B секторында жұмыс істейтін компанияларға да жеке тоқталды. Министрдің айтуынша, дәл осы салада Үкіметтің негізгі міндеті тәртіп орнату болған.
«B2B бойынша бізде нақты міндет тұрды. Бұл секторда шамамен 300 мың кәсіпорын жұмыс істеді. Олардың 71 пайызы нөлдік декларация тапсырған, яғни табысын мүлде көрсетпеген», – деді ол.
Жұманғариннің айтуынша, мұндай кәсіпорындардың 164 мыңының тек бір ғана клиенті болған. Оның пікірінше, бұл компаниялардың белгілі бір тапсырыс беруші үшін арнайы құрылуы мүмкін екенін көрсетеді.
«Олардың 164 мыңының тек бір ғана клиенті болды. Бұл – сол компанияны өзімен жұмыс істеу үшін құрған құрылым. Егер бұл кәсіпорындар жабылып, қиындық көріп жатса, онда бұл заңнамаға, салық-бюджет реформасының нәтижесіне байланысты», – деп түсіндірді министр.
Сонымен қатар ол қалған кәсіпорындарға басқа да факторлар әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
«Қалған барлық кәсіпорындар түрлі тәуекелге баруға итермелейтін жағдайлардың ықпалында болуы мүмкін. Соның ішінде адам бизнес бастау туралы шешім қабылдағанда толық ескерілмеген тәуекелдер де бар. Мысалы, бұл қазір қызмет көрсету саласында болып жатқан жағдай», – деп сөзін түйіндеді Жұманғарин.
Еске сала кетсек, бұған дейін Серік Жұманғарин журналистердің жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін әлеуметтік желілерде айтылған сын-пікірлер мен сайлау науқанына жұмсалатын шығындарға қатысты сұрақтарына жауап берген еді.