Хантавирус пандемияға ұласуы мүмкін бе: ДДСҰ мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы
REUTERS / Dado Ruvic

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) MV Hondius круиздік лайнеріндегі хантавирус инфекциясының өршуіне қарамастан, аурудың жаһандық таралу қаупін төмен деп бағалайды. Бұл туралы ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Дереккөз мәліметінше, аталған кемеде инфекция жұқтырудың сегіз жағдайы тіркеліп, үш адам қайтыс болған. Зертханалық талдаулардың нәтижесінде бес науқастан адамнан адамға жұғу қабілеті бар Andes virus түрі анықталды. Қазіргі уақытта ДДСҰ мамандары кемеге жіберіліп, халықаралық деңгейде мониторинг жұмыстарын үйлестіруде.

Хантавирус – негізінен кеміргіштер арқылы тарайтын, өкпе, жүрек және бүйректі зақымдайтын қауіпті инфекция. Аурудың белгілеріне жоғары температура, бұлшықет ауруы және құсу жатады, ал асқынған жағдайда тыныс алу жетіспеушілігі мен ішкі қан кетуге соқтыруы мүмкін. Қазіргі уақытта вирусқа қарсы арнайы ем немесе тіркелген вакцина жоқ.

Айта кетейік, әлемде жыл сайын хантавирус жұқтырудың ондаған мың жағдайы тіркеледі. Оның ең ауыр формалары көбіне Солтүстік және Оңтүстік Америка аймақтарында кездеседі. Мамандар сақтану үшін кеміргіштермен жанасудан аулақ болуды және санитарлық талаптарды қатаң сақтауды ұсынады.