Әнші қамауға алынған болатын
Әнші Төреғали Төреәлінің Астанада 7 шілдеге жоспарланған концерті өтпейтін болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Концерт Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда өтуі тиіс еді.
Ақпаратты Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның баспасөз қызметі растады.
"7 шілдеде Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда Төреғали Төреәлі мен Әбдіжаппар Әлқожаның концерті өтеді деп жоспарланған болатын. Кеше, 22 маусымда концертті ұйымдастырушы концерттің болмайтынын хабарлады. Демек, бұл концерт біздің залда өтпейді", – деп хабарлады филармонияның баспасөз қызметі.
Концерттің өтпеуіне жақында болған оқиғаға байланысты әншінің қамауға алынуы себеп.
Еске салайық, әнші мас күйінде көлік айдап, ұсталған болатын. Ол 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік айдау құқығынан айырылды. Сот шешімінен соң Төреғали Төреәлінің адвокаты Тілеужан Кішкенбаев әншіні ұстау кезінде полицейлер өкілеттіктерін асыра пайдаланғанын айтты. Ал қарындасы Дина Төреәлі елдің назарын аудару үшін ағасын құрбандыққа шалды деп санайды. Кейін үстінен билік өкілін қорлағаны үшін қылмыстық іс қозғалды.