«Болашақ» бағдарламасындағы шикілік: 7,7 миллиард теңге талапқа сай келмеген үміткерлерге кеткен

Qaz365.kz редакциясы
Kursiv.media

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі іріктеу критерийлеріне сәйкес келмейтін 340 үміткерге 7,7 млрд теңге сомасында «Болашақ» стипендиясын заңсыз бөлген. Бұл жөнінде Мәжілісте өткен үкімет сағатында Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Тілеген Каскин мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тексеріс нәтижесі бойынша, министрлік бағдарламаны басқаруда елеулі тәуекелдерге жол берген. Атап айтқанда, 340 адамға стипендия жеке тәртіппен тағайындалса, тағы 151 стипендия бекітілген лимиттен тыс берілген. Сондай-ақ жасанды интеллект саласына бөлінген 54 стипендияның тек бесеуі ғана мақсатты пайдаланылып, қалған 49-ы басқа бағыттарға қайта бөлінген.

Қазіргі уақытта Ғылым және жоғары білім министрлігі бағдарлама шарттарын бұзған стипендиаттар үшін айыппұл көлемін арттыру мәселесін қарастырып жатыр. Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін бағдарлама қатысушылары мемлекет бюджетіне 14,5 млрд теңгені қайтарған.

Аудиторлық палата өкілінің айтуынша, бағдарламаны әкімшілендіру жүйесін қайта қарау қажет, себебі ресурстарды тиімсіз бөлу жағдайлары жиілеп кеткен.