30 млн теңгесінен айырылғандар бар: Шымкентте заңсыз онлайн-казино әшкере болды

Qaz365.kz редакциясы

Ойын алаңының шоттарындағы жалпы айналым 557 миллион теңгеден асқан

depositphotos

Шымкентте заңсыз интернет-казино ұйымдастырды деген күдікпен қала тұрғыны сотқа тартылды, деп хабарлайды Qaz365.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Тергеу мәліметтері бойынша, ойын алаңының шоттарындағы жалпы айналым 557 миллион теңгеден асқан.

Күдікті техас холдемін ойнауға арналған мобильді қосымша арқылы «Vendetta» және «AMG600L» клубтарының жұмысын жүргізген. Ойынға Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары мессенджерлер мен түрлі бонустар арқылы тартылып отырған. Қатысушылар ақшаны банк аударымдары арқылы салып, ұтыс шыққан жағдайда қаражатты қайта карталарына қолма-қол ақша ретінде шығарып алған.

Ұйымдастырушылар әр ойын үстелінен 3%-дан 5%-ға дейін комиссия алып отырған. Ведомствоның мәліметінше, кейбір ойыншы 30 миллион теңгеге дейін шығынға батқан. Қаржы ағынын жасыру үшін шетелдік азаматтар мен «дропперлердің» шоттары пайдаланылған, оларға әр шот үшін 100-200 мың теңге аралығында ақы төленген.

Тінту кезінде күдіктінің тұрғылықты жерінен есірткі заты да табылған. Қазіргі таңда екі күдікті үй қамағына алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды.