«Жасыл болашақ» сенбілігі Маңғыстаудың 12 мың тұрғынын біріктірді

Qaz365.kz редакциясы
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін, 25 сәуір күні Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында ауқымды «Жасыл болашақ» сенбілігі өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Іс-шара өңір тұрғындарын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына жұмылдырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қалалық ортаны жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігіне айналды. Сенбілікке Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты.

Бағдарламаның негізгі бөлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен тікелей телемост форматында ұйымдастырылды. Бұл экологиялық науқанның жалпыұлттық сипат алғанын және ел өңірлерінің ортақ мақсат жолындағы бірлігін айқындады.

Іс-шара аясында облыс әкімі ағаш отырғызу рәсіміне қатысып, кейін өңір бойынша жаппай көгалдандыру жұмыстары жалғасты. Жалпы сенбілік барысында Маңғыстау облысында 5 мыңға жуық ағаш отырғызылып, 12 мыңға жуық адам атсалысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасының стратегиялық маңызы зор. Ол қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі сенбілік – мемлекет пен қоғамның бірлескен еңбегінің нақты көрінісі. Өңір тұрғындарының белсенділігі бұл бастамаға деген жоғары қолдауды көрсетеді. Әрбір отырғызылған ағаш – болашаққа қосылған үлес. Сондықтан тазалық пен тәртіп әрқайсымыздан басталуға тиіс, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және тұрғындарды кеңінен тартуға бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, экологиялық өнімдер жәрмеңкесі, балалар арасындағы шахмат турнирі, шығармашылық алаңдар және оқыту шеберлік сабақтары өткізілді.

Қоғамдық белсенділікті арттыруға да ерекше назар аударылып, өңірдің экологиялық белсенділері мен волонтерлері «Экобренд», «Экостартап», «Экоотбасы», «Экобатыр», «Жас эколог», «Қалдықсыз болашақ» номинациялары бойынша марапатталды.

Іс-шара қорытындысында ең белсенді қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы мұндай іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Бұл экологиялық жауапкершілікті арттыруға, халықтың өмір сапасын жақсартуға және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған. Маңғыстау облысы абаттандыру, көгалдандыру және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады.