Астананың Ататүрік саябағында жалпықалалық экоакция өтті

Qaz365.kz редакциясы

Қатысушылар белгіленген учаскелерге әртүрлі ағаш түрлерін отырғызды

Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі

«Таза Қазақстан» жобасы аясында өткен көктемгі жалпықалалық экоакцияға 300-ге жуық адам қатысты. Іс-шара барысында саябақ аумағында 280 түп ағаш отырғызылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Экологиялық акцияға ҚР  Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері, Түркия елшілігі, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ, Ардагерлер кеңесі, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өкілдері, белсенді тұрғындар, түрлі ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ Байқоңыр ауданы әкімдігінің аппараты отбасыларымен бірге қатысты. 


Сонымен қатар Астана қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті де өз үлестерін қосты.

Қатысушылар белгіленген учаскелерге сәйкес әртүрлі ағаш түрлерін, атап айтқанда сібір алмасы, шырша, қарағай, жөке, терек, сирень, тал және қайың көшеттерін отырғызды.

“Қала экологиясын жақсартуға, тұрғындар арасында қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып отырмыз. Біз бүгін ұжыммен келіп, таңғы 8:30-дан бастап іске кірісіп кеттік. Алдымен тазалау жұмыстарын жүргізіп, содан кейін ағаш отырғыздық. Жалпы, мұндай шаралардан қалыс қалған емеспіз”, - дейді сенбілікке қатысқан  “Аграрлық кредиттік корпорация” АҚ қызметкері Айгерім Русланқызы. 


Айта кетейік, бүгін елорданың барлық аудандарында жалпықалалық экоакция ұйымдастырылып,  ағаш отырғызу жұмыстары жалғасуда.