Президент халықаралық Alem.ai орталығына барды

Qaz365.kz редакциясы
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығына барып, еліміздегі цифрлық даму бағытындағы бірқатар ірі жобалардың іске қосылу шарасына қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сапар барысында Президентке орталықтың қызметі таныстырылып, оның жасанды интеллект саласындағы толыққанды экожүйе ретінде қалыптасып келе жатқаны айтылды. «Alem.ai» білім беру, ғылым, стартап және мемлекеттік басқару бағыттарын біріктіретін көпқабатты алаң ретінде жұмыс істейді.

Орталықта ашық жұмыс кеңістіктері, стартаптарға арналған кампус, зерттеу зертханалары және жасөспірімдерге арналған TUMO Astana креативті технологиялар орталығы орналасқан. Сондай-ақ, мемлекеттік басқаруда жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған «AI-Driven Government» орталығы іске қосылған.

Жоба аясында жыл сайын 10 мыңға дейін адамды оқыту және 100-ге жуық жасанды интеллект стартапын дамыту жоспарланған.

Президент сапары кезінде еліміздің 14 өңірінде «Tomorrow School» жасанды интеллект мектептері іске қосыла бастады. Бұл мектептер 2024 жылы Astana Hub базасында құрылған.

Сонымен қатар, TUMO Astana орталығы ресми түрде ашылды. Онда 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге бағдарламалау, жасанды интеллект, робототехника, дизайн, 3D-модельдеу және басқа да цифрлық бағыттар бойынша тегін білім беріледі.

Іс-шара аясында Мемлекет басшысы «alem.ai battle» ұлттық байқауы мен мемлекеттік органдар арасындағы AI Governance Cup жеңімпаздарын марапаттады.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары – Астана 2026» халықаралық турниріне кері санақты бастап, орталықтың естелік тақтасына қолтаңба қалдырды.

Қазақстан соңғы жылдары цифрлық трансформацияны мемлекеттік деңгейдегі басым бағыт ретінде дамытып келеді. Елде жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым және IT-білім беру жүйесін дамытуға бағытталған бірқатар ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Еске сала кетсек, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрали Әлиев өмірдің мәні, адамның ішкі болмысы және рухани түсінік туралы пікір білдірді.