Абай облысы мен Астанада ірі көлемдегі есірткі тәркіленіп, екі адам ұсталды

Qaz365.kz редакциясы

Еліміздің екі өңірінде ірі көлемде есірткі тәркіленді

Фото: ІІМ

Абай облысы мен Астанада жүргізілген жедел шаралар нәтижесінде ондаған мың дозаға жететін есірткі тәркіленіп, екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне зер салсақ, Абай облысында 21 жастағы жүргізуші ұсталған. Ал Астанада 26 жастағы әйел адам ұсталған.

«Абай облысында жедел ақпаратты тексеру барысында қызметкерлер 21 жастағы жүргізушіні ұстады. Оның көлігін тексеру кезінде таратуға дайын 2 келіден астам гашиш майы анықталып, тәркіленді. Ұсталған азамат интернет дүкенінің кураторының нұсқауы бойынша есірткіні таратқанын мойындады. Елорда өңірінде интернет-платформалар арқылы жұмыс істеген 26 жастағы әйел ұсталды. Ол аса ірі көлемдегі есірткіні жасырын таратумен айналысқан. Жеке тінту және жалға алынған тұрғын үйді тексеру барысында салмағы 1 келіден асатын екі пакет синтетикалық “A-PVP” есірткісі, электронды таразылар, орауға және таратуға арналған 100-ден астам Ziplock-пакет тәркіленді. Жалпы алғанда, заңсыз айналымнан 45 мыңнан астам бір реттік дозаға тең есірткі тәркіленді», — деп мәлімдеді ІІМ.

Қазір бұл деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құқық қорғау органдары есірткінің жеткізу арналары мен таралу жолдарын, сондай-ақ заңсыз қаржы ағындарының көздерін анықтап жатыр.

Еске сала кетсек, Алматы қаласының Бостандық ауданында белгісіз ер адам автобус аялдамасында 66 жастағы зейнеткер әйелді соққыға жықты.