Шығыс Қазақстан облысы елдегі ең көп кітап оқитын өңірлердің қатарында

Qaz365.kz редакциясы

Қазіргі таңда облыста 170 кітапхана жұмыс істейді

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін аймақта Ұлттық кітап күні аталып өтті. Осыған орай ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңір тұрғындарын құттықтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл күні А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы ғимаратының алдында түрлі жастағы тұрғындар жиналып, кітап пен оқу мәдениетіне құрмет көрсетті. Аталған руханият ордасына 130 жыл толды. Өңір басшысы бұған дейін атап өткендей, мұнда соңғы жиырма жылда алғаш рет демеушілер қаражаты есебінен күрделі жөндеу жүргізілді.

Әкім өз сөзінде кітаптың жеке тұлғаның қалыптасуы мен дүниетанымын кеңейтудегі маңызы зор екенін, ал өңірде кітап оқуға деген қызығушылықтың тұрақты түрде артып келе жатқанын айтты.

 

ҚР Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысы елдегі оқу залдарына келушілер саны бойынша көшбасшылар қатарында.

2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір 3 452 783 келуші көрсеткішімен 4-орынға ие болды. Ал алғашқы үштікте Солтүстік Қазақстан (4 649 072), Түркістан (4 149 395) және Ақмола (3 736 916) облыстары бар. Соңғы орында Атырау (1 270 012) және Маңғыстау (1 038 190) облыстары тұр.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, кітаптар әлі де рухани-адамгершілік құндылықтар әлеміне жетелейтін сенімді құрал болып қала береді.

 «Оқу мәдениеті ұлт сапасының бірден-бір өлшемі ретінде халқымыздың бітім-болмысына тән айнымас қасиет болып қала беруге тиіс».

Қазіргі таңда облыста 170 кітапхана жұмыс істейді. Бүгінде олар заманауи мәдени-ағартушылық алаңға айналды.

“Біз облыс тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көріп отырмыз. Біздің міндет – осы сұранысты қолдау: кітапханаларды дамыту, кітаптарды қолжетімді ету және жастар арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру”, – деді әкім Нұрымбет Сақтағанов.

Кітапханаларды жаңғыртуға, ағартушылық іс-шараларды өткізуге және балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға тартуға ерекше көңіл бөлінуде.