Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрали Әлиев өмірдің мәні, адамның ішкі болмысы және рухани түсінік туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, адамның өз-өзін танып, өмірдегі орнын ұғынуы басты дүние. Ол өз сөзінде адамның ішкі тыныштығы мен рухани ізденісі жайлы былай деді:
«Ең алдымен адамның кім екенін, шын мәнінде не үшін өмір сүріп жүргенін, оны Жаратушы не мақсатпен жаратқанын түсіну маңызды. Осыны ұққан сәтте-ақ адамның жан дүниесінде тыныштық орнайды. Ішкі әлемде үлкен мақсаттың барын сезінесің, сол үлкен тұтастықтың бір бөлшегі екеніңді түсінесің. Әрқайсымыз өз шындығымызды, өз болмысымызды қалыптастыра аламыз.
Ең бастысы – санаңды тазалыққа, дұрыс үйлесім мен тербелістерге бағыттау. Сонда ғана адамдармен бірге сүйіспеншілікке негізделген өмір құруға болады. Қорқыныш атаулы жоғалып, адамдар бір-біріне жақындай түсетін әлем қалыптасады. Өйткені бәріміз – Жаратушының жаратқан пендесіміз, қай елде тұрғанымыз маңызды емес. Осындай түсінікке ие адамдар көбейген сайын, өзгеріс те жылдамырақ болады. Міне, менің миссиям осы», – деді ол.
Айта кетейік, Әлиев Forbes есебінше, былтыр Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде 289 млн доллармен 39-орынға тұрақтаған.
Жақында Нұрәлі Әлиев The Spark of Life жобасын таныстырып, өзін рухани тәлімгер ретінде көрсеткен болатын. Дегенмен ондағы Mantra dose атты психоделикалық заттар сататын серіктес жайлы және оның қауіпі жайлы дау көп. Бұл бастама жайлы толығырақ зерттеу материалымыздан оқыңыздар.
Еске сала кетсек, бұған дейін Нұрәлі Әлиев 41 жасқа толғанын Дубайда ашық аспан астында атап өткен еді. Сонымен қатар, Назарбаевтың Үшқоңырдағы резиденциясы жиені Нұрәлі Әлиевтің қарамағына өткені белгілі болды.