Телефон арқылы жасалатын қоңыраулар, жалған интернет-дүкендер мен «жоғары табыс әкелетін инвестициялар» – бүгінде Қазақстанда алаяқтардың ең жиі қолданатын тәсілдері.
Qaz365.kz редакциясы Антифрод-орталығының деректерін ықшамдап назарларыңызға ұсынады.
Жүйе мәліметіне зер салсақ, елде 82 мыңнан астам алаяқтық дерегі тіркелген. Соның едәуір бөлігі қайталанатын алдау сценарийлеріне байланысты.
1. Жалған қоңыраулар – 14 493 жағдай
Ең кең тараған әдіс – өзін банк қызметкері, полиция немесе қауіпсіздік қызметінің өкілімін деп таныстыру. Алаяқтар адамды асықтырып, «шотыңыз бұзылды», «сіздің атыңызға несие рәсімделді» деген сияқты қауіп төндіретін ақпарат айтады. Мұндайда негізгі құрал – психологиялық қысым мен үрей тудыру.
2. Жалған онлайн-дүкендер – 12 978 жағдай
Арзан баға мен әдемі интерфейске құрылған жалған сайттар арқылы адамдар алданады. Тауарға ақша төлегеннен кейін ол мүлде келмейді немесе сапасыз көшірме болып шығады. Көбіне мұндай платформалар танымал брендтердің атын жамылып, әлеуметтік желілер арқылы жарнамалайды.
3. Жалған инвестициялар – 11 330 жағдай
Аз уақытта үлкен пайда уәде ету – бұл схеманың негізгі белгілерінің бірі. Алаяқтар «ерекше жобаға», криптовалютаға немесе акцияларға ақша салуды ұсынып, сенімді платформа бейнесін жасайды. Алайда қаражат түскен бойда жоғалып кетеді, ал «менеджерлер» байланысқа шықпай қояды.
4. Әлеуметтік желідегі алаяқтық – 7 476 жағдай
Бұзылған аккаунттар, жалған парақшалар және «шұғыл ақша керек» деген хабарламалар жиі кездеседі. Көпшілік танысына сенетіндіктен, бұл тәсіл өте тиімді жұмыс істейді. Кейде жалған ұтыс ойындары мен «акциялар» да ұйымдастырылады.
5. Несиеге қатысты алаяқтық – 6 033 жағдай
Басқа адамның атына несие рәсімдеу немесе «ақшаны құтқарамыз» деген сылтаумен жәбірленушіні несие алуға итермелеу жағдайлары бар. Кей кездері адамдар өз деректерін өздері беріп, салдарын аңдамай қалады.
Қазақстанда мұндай алаяқтықтың алдын алу үшін Антифрод-орталығы жұмыс істейді. Ол банк жүйелерін, байланыс операторларын және құқық қорғау органдарын біріктіреді. Бұл жүйе күмәнді операцияларды ерте анықтап, олардың жүзеге асуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Мәселен, алаяқтық қоңырау тіркелсе, банк қауіпті операцияларды уақытша шектеп, клиент әрекеттерін қосымша тексереді.
Еске сала кетсек, Атырау облысында Жылыой ауданына қарасты Қаратон ауылының маңында адам сүйектері табылды.