«Таза Қазақстан» жобасы ШҚО-да кең ауқымда жүзеге асырылуда

Qaz365.kz редакциясы
ШҚО әкімнің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысында телекөпір ұйымдастырылып, өңірлердегі экологиялық бастамалардың барысы тікелей байланыс арқылы таныстырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Аталған формат ел көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз етіп, табиғатты қорғау ісіндегі ортақ жауапкершілік дүйім елге жарияланды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының маңызына тоқталып, тазалықтың өркениетті қоғамның басты көрсеткіштерінің бірі екенін атап өтті. Президент өз сөзінде бұл бастаманың табысты жүзеге асуында жастардың айрықша рөл атқарып отырғанын ерекше айтып, белсенділік танытып жүрген жас буынға алғысын білдірді.

Сонымен қатар, өткен жылы республика көлемінде ауқымды экологиялық жұмыстар жүргізілгенін жеткізді. 1200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, бір миллион гектардан астам аумақ тазартылған, шамамен 4 миллионға жуық ағаш отырғызылған. Игі бастамаға 800 мыңға жуық еріктінің қатысуы қоғамдағы экологиялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

- Таза Қазақстанның негізгі қозғаушы күші және арқауы жастар десек артық болмайды. Ұл-қыздарымыз ортақ іске белсене атсаласып, жауапкершіліктің тамаша үлгісін көрсетіп жүр. Бүгінгі маңызды іс шараға жаңашыл, әрі жасампаз жастар қатысып отыр. Еліміздің жарқын болашағы сіздер сияқты рухы мықты, отаншыл, ерік-жігері күшті азаматтардың қолында. Түптеп келгенде біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Барымыз да, басты байлығымыз да, қастерлі Отанымыз – Қазақстан! - деді Мемлекет басшысы.

Облыс атынан сөз алған Нұрымбет Сақтағанов Президентке өңір халқының ыстық ықыласын жеткізе отырып, соңғы екі жылдағы нәтижелерді баяндады. 

– Аймақ елді мекендерінде 250 мыңға жуық ағаш отырғызылып, орман алқаптарында 40 миллион көшет егілген. Сонымен қатар, 30 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, 7000 гектар аумақ тазартылған. «Мөлдір бұлақ» акциясы арқылы 200-ден астам бұлақ пен өзен көзінің ашылды. Биыл елді мекендерді қоса алғанда 18 миллионға жуық көшет отырғызылады. Төр Алтай жұрты «Таза Қазақстан» жобасын жоғары деңгейде іске асыруға бар күш-жігерін жұмсайды! - деді Нұрымбет Аманұлы.

Үлбі металлургия зауытының басқарма төрағасы Сергей Бежецкидің айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы қоғам мен бизнес үшін табиғатқа ұқыпты қарауды қалыпты құндылыққа айналдыруға бағытталған айқын бағдар берді. 

– Кәсіпорын өндірістік тиімділікті арттыра отырып, экологиялық әсерді азайтуға күш салып келеді: ауа тазарту жүйесінің тиімділігі 99%-ға дейін жеткен, жыл сайын 30 мыңнан астам талдау жүргізіледі, ал өндірістік қалдықтар мен су төгінділері бойынша мониторинг қоғам үшін ашық. Зауыт ұжымы соңғы екі жылда 20 мыңнан астам ағаш отырғызып, 22 экологиялық акция ұйымдастырған. Бүгін кәсіпорын қызметкерлері 500 еріктімен бірге қала көшелерін көгалдандырып, мыңға жуық ағаш егуде, - деді Сергей Владимирович өз баяндамасында. 

Табиғатты қорғау нақты әрекетке айналған кезеңде қоғам мен өндіріс үйлесімі Қазақстанның орнықты дамуының берік негізін қалыптастырып отыр.

- Біздің зауыт қызметкерлері екі жыл қатарынан көптеген экологиялық акцияларға қатысып келеді. Бүгінгі іс-шаралар тек зауыт аумағын көгалдандыру ғана емес, еліміз, Қазақстанда өтіп and жатқан ауқымды шаралардың бірі десек болады. Табиғатты аялап, құрметтеу мақсатында міне көшеттер отырғызудамыз, - дейді зауыт менеджері Азамат Раисов. 

Бүгінгі бастамаға облысымыздың 100 мыңнан астам тұрғыны қатысса, оның 25 мыңын ірі кәсіпорындар өкілдері құрап отыр. Ауқымды бірлік пен белсенділік Қазақстанның табиғи байлығын сақтауға бағытталған және келер ұрпаққа деген ортақ аманат болып қала бермек.