Қараша халық енді өсімқорларға жүгіне ме? Әбілқасымова несие алу қатаңдаған соң қандай өзгеріс болғанын айтты

Qaz365.kz редакциясы
Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Несие алу шарттарының күшеюі азаматтардың жеке өсімқорларға жүгінуіне әкеліп жатыр ма деген сұраққа Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Агенттік төрайымының айтуынша, жаңа талаптар тұтынушылық несие нарығының қарқынын бәсеңдеткен.

«Заңның әсері бар. Несие берудің қарқыны қатты төмендеді. Былтырғы жылдармен салыстырғанда жыл сайын өсетін 30 пайыздан аса тұтынушылық несиелерді беру қазіргі уақытта 25 пайыздан аспайды. 2025 жылы сол деңгейде қалыптасты. Осы жылдың басынан бері осындай тенденция қайта жалғасуда», — деді Әбілқасымова.

Мәдина Әбілқасымова бұл бағыттағы барлық нарық қатысушылары бақылауда екенін айтты.

«Басқа банк емес ұйымдарды біз де қадағалаймыз. Осы қойылған тетіктерді ломбард болсын, микроқаржы ұйымдары болсын бәріне бірдей қолданамыз, бақылаулар жасаймыз», — деді Әбілқасымова.

Ол сондай-ақ тіркелмей қарыз беретін жеке тұлғалардың қызметі азаматтық заңнама аясында реттелетінін атап өтті. Алайда оларды қадағаламаған соң, нақты азаматтардың қанша пайызы қарыз алып жатқаны жайлы деректерді айтпады.

«Тіркелмей қарыз беретін жеке адамдардың ісі азаматтық кодекс бойынша реттеледі. Себебі олар қаржы ұйымдары емес. Жеке несие берсе, сол азаматтық кодекс бойынша реттеледі», — деді Әбілқасымова.

 

Айта кетейік, Қазақстанда «Әділет» атты жаңа саяси партия құру жөніндегі бастамашыл топ ресми мәлімдеме жасады. Жаңа саяси ұйым өзін «Әділ Қазақстан» идеясын қолдайтын, құқық үстемдігін күшейтуді және азаматтардың мемлекет ісіне қатысуын арттыруды көздейтін күш ретінде таныстырды.