«Адамдар дұрыс жолға түспек»: Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексін сынағандарға жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Жаңа сайлау науқанының бюджетке қанша шығын әкелуі мүмкін деген сұраққа Жұманғарин оның нақты есебі әзірге жоқ екенін айтты

Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин журналистердің жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін әлеуметтік желілерде айтылған сын-пікірлер мен сайлау науқанына жұмсалатын шығындарға қатысты сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz⁠.

Жаңа сайлау науқаны бюджетке қанша шығын әкелуі мүмкін деген сұраққа Жұманғарин нақты есептердің әзірге жоқ екенін айтты. Дегенмен оның сөзінше, мұндай шығындар бұрынғы қалыптасқан стандарт қаражаттан аспауы тиіс.

«Шынымды айтсам, менде ондай нақты есеп жоқ. Бірақ ол бұрынғы стандартты қаражаттан аспайды деп ойлаймын. Бюджет пен оның резерві үшін бұл – толықтай қолайлы жағдай», – деді ол.

Журналистер сондай-ақ Жұманғариннен жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін әлеуметтік желілерде жазған пікірлері туралы сұрады. Әңгіме оның жеке кәсіпкерлердің жабылуын дағдарыстың салдары емес, нарықтағы табиғи үдерістердің нәтижесі ретінде түсіндіретін ұстанымы жөнінде болды. Жұманғарин мұндай уәждерді салық реформасына қатысты пікірталас тек сын айтушылар тарапынан ғана емес, үкіметтің көзқарасы арқылы да өрбуі үшін жариялайтынын түсіндірді.

«Мен неге бұлай істеп отырмын? Бұл пікірталастың бастамасы Үкімет тарапынан шықсын деген мақсат. Біз Ұлттық статистика бюросының деректеріне негізделген ақпарат ұсынамыз. Бізде басқа дереккөз жоқ», – деді ол.

Оның айтуынша, сын айтушылар бизнестегі мәселелерді көбіне эмоцияға сүйеніп айтады. Бірақ нақты сандар мен дереккөздерді келтірмейді.

«Сын айтатындар жиі эмоцияға негізделген ақпарат береді. Біреу “бизнес мынаны істеді”, “бизнес басқа елге көшіп жатыр” дейді. Бірақ ешкім нақты сандарды атамайды, нақты дереккөздерге сілтеме жасамайды. Яғни ол ақпарат жалпылама сипатта және шынын айтсам, сене салуға болмайды», – деп атап өтті Жұманғарин.

Статистикаға тоқталған ол 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 2 млн 440 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелгенін хабарлады. Оның ішінде 1 млн 860 мыңы – жеке кәсіпкерлер, ал 580 мыңы – заңды тұлғалар.

«Егер сандарды айтатын болсақ, бұл – статистикалық деректер. Өткен жылды, яғни 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша біз кәсіпкерлік субъектілерінің санын 2 миллион 440 мың деңгейінде аяқтадық. Оның 1 миллион 860 мыңы – жеке кәсіпкерлер, 580 мыңы – заңды тұлғалар», – деді ол.

Жұманғариннің айтуынша, 2025 жылы бизнес субъектілерінің саны 110 мыңға артқан. Ал 2026 жылдың 1 сәуіріне қарай кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 2 млн 660 мыңға жеткен.

«2025 жылы бизнестің өсімі қосымша 110 мың субъектіні құрады. Ал 2026 жылдың 1 сәуіріне қарай бизнес саны 2 миллион 660 мыңға жетіп, тағы 220 мыңға артты», – деді министр.

Ол өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына да жеке тоқталды. Оның айтуынша, 2 млн 660 мың кәсіпкерлік субъектісінің шамамен 410 мыңы – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Олардың ішінде 350 мыңы платформалық жұмыспен қамту жүйесіне қатысады, ал 330 мыңы – бизнесті жаңадан бастаған қатысушылар.

«Соның ішінде 410 мың адам – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Осы 410 мыңның 350 мыңы – платформалық жұмыспен қамтуға қатысатындар. Олардың ішіндегі 330 мыңы – мүлде жаңа кәсіпкерлер. Яғни “дұрыс жолға”  түсуге шешім қабылдаған адамдар», – деп түсіндірді Жұманғарин.

Сонымен қатар ол Кәсіпкерлік кодексінде әзірге «өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкер» деген жеке санат жоқ екенін мойындады. Алайда Үкімет бұл бағытта тиісті өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.

«Мұнда бірден айтып өтейін, кейін сын болмасын: Кәсіпкерлік кодексінде “өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкер” деген санат жоқ. Біз қазір оны енгізіп жатырмыз. Бірақ барлық белгілері бойынша бұл – кәсіпкер. Ол өз ісін өзі жүргізеді, өзі үшін салық төлейді, белсенді қызмет атқарады және бұл оған табыс табуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Жұманғариннің айтуынша, сөз нарықта ақылы қызмет көрсететін, тауар сататын немесе түрлі жұмыстар орындайтын азаматтар туралы болып отыр. Оның пікірінше, бұл санаттың құқықтық мәртебесі әлі нақтылауды қажет етеді. Алайда олар қазірдің өзінде кәсіпкерлік қызметке қатысушылар ретінде саналады.