Түркия мектебіндегі атыс салдарынан тоғыз адам қаза тапты

Qaz365.kz редакциясы
Reuters

Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында орта мектепте атыс болып, тоғыз адам қаза тапты. 14 жасар оқушы өз сыныптастары мен мұғаліміне оқ жаудырып, артынан өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Түркия Ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчидің мәлімдеуінше, қайғылы оқиға салдарынан сегіз оқушы мен бір мұғалім көз жұмған. Тағы 13 адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді, олардың алтауының жағдайы өте ауыр деп бағалануда. Министр бұл оқиғаның лаңкестік әрекет емес, жеке араздық негізінде жасалған шабуыл екенін атап өтті.

Провинция басшысы Мүкеррем Үнлүердің сөзінше, сегізінші сынып оқушысы мектепке сөмкесіне салып бес қару мен жеті оқжатар алып келген. Қару-жарақ оның бұрынғы полиция қызметкері болған әкесіне тиесілі болуы мүмкін. Жасөспірім бесінші сынып оқушылары отырған екі кабинетке басып кіріп, бейберекет оқ жаудырған. Қазіргі уақытта оқушының әкесі ұсталып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Айта кетейік, Түркияда мектептегі атыс оқиғалары өте сирек кездеседі, өйткені елде қару ұстау туралы заңнама өте қатаң. Алайда бұл соңғы екі күн ішіндегі екінші жағдай: бұған дейін Шанлыурфа провинциясында бұрынғы оқушы мектепке шабуыл жасап, 16 адамды жаралаған болатын.