Оқиғаның салдарынан бір отбасы баспанасыз қалды
Алматы облысы Іле ауданына қарасты Екпінді ауылында 17 сәуір күні таңғы сағат 5:30 шамасында жекеменшік тұрғын үйде жарылыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға газдың үй ішіне жайылғаны себеп болуы мүмкін. Зардап шеккен әйел мен үш баласы қазір ауруханада.
Qaz365.kz тілшілері тұрғындарға хабарласып істің мән-жайын анықтады.
Оқиғаның салдарынан бір отбасы баспанасыз қалды.
Үй иесінің айтуынша, жарылыс күтпеген сәтте болған.
«Негізі газдан атылды. Мен газ плитадан деп ойлаған едім. “Ұйқыдан тұрып жарықты қосқанда атылды” деді ұлым. Мен есім шығып кетіп, сіріңке жаққаннан екен деп ойлаған едім. Олай емес екен. Балам қазір жансақтау бөлімінде. Сөйлей алады. Бір қалыпты. Ештеңе жемейді дейді. Сол жарықты қосқанда жарылыс болғанын айтты», — деді жарылыс болған үйдің иесі.
Көршілерінің сөзінше, жарылыс өте күшті болған және үй толықтай қираған.
«Көршіміздің үйінің астынан газ шығып, үй түбегейлі жоқ болып кетті. Үйінді астында балалары қалып, 3 баласы ауруханада жатыр. Әйелі де ауруханада. Таңғы сағат 5:30 шамасында атылды. Соған әкімдіктен, жан-жақтан адамдар келіп жатыр. Газ жердің астынан кіріп, үй ішіне толып жарылып кетті», — деді көршісі.
Көршісінің айтуынша, зардап шеккен отбасы көпбалалы.
«Отбасының төрт баласы бар. Біреуі студент, оқуда болған. Үшеуі анасымен бірге ауруханада жатыр. Айдың-күннің аманында балалары үйсіз қалды. Жағдайы қиын болды», — деді ол.
Ауруханадағы жағдай жайлы жақындары хабарлады.
«Қазір бір баланы 60% күйік шалған. Екеуі жансақтау бөлімінде. Анасы мен кішкентай баласы тәуір. Үлкен екі баласын жоғарыдағы 1-ауруханаға алып кетті», — деді жақындары.
Qaz365.kz редакциясы істі бақылап, тікелей ақпарат таратып отырады.
.