Ресейдің Бурятия өлкесінде қар көшкінінен Қазақстан азаматы қаза тапты

Qaz365.kz редакциясы
gov.kz

Ресейдің Бурятия Республикасындағы «Ирокинда» кенішінде қар көшкіні жүріп, салдарынан Қазақстан азаматы қаза тапты. Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қайғылы оқиға 28 сәуір күні Бурятияның Муй ауданында, Ирокинда елді мекенінен 13 шақырым жерде болған. Қар астында қалған алты адамның барлығы да оқиға орнында мерт болды. Ресейдің құзырлы органдары берген мәліметке сәйкес, қаза тапқан қазақстандық 1990 жылы дүниеге келген.

«Қазіргі уақытта Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жергілікті мемлекеттік органдармен тұрақты байланыста отыр», – деді СІМ өкілі Ерлан Жетібаев.

Қазіргі таңда қаза тапқан отандасымыздың денесін елге жеткізу және қажетті құжаттарды рәсімдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кеніштегі жұмыс барысында қауіпсіздік техникасының сақталуына қатысты тергеу амалдары басталды.