Адам саудасына қатысты 41 қылмыс анықталды
Қазақстанда сәуір айында жүргізілген «Stop трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында адам саудасына қатысты 41 қылмыс анықталды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оның ішінде тоғыз факті кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған.
Қызылорда облысында жаңа туған нәрестені бір миллион теңгеге сату схемасы әшкереленді. Тергеу мәліметінше, 25 жастағы әйел баладан бас тартқысы келгенде, ол тұрып жатқан қоғамдық қордың басшысы сәбиді 50 жастағы әйелге сатуды ұсынған. Қазіргі уақытта қор басшысы, биологиялық ана және сатып алушы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алматы қаласында үйсіз-күйсіз жүрген жандарды құлдыққа жегіп, олардың атына несиеге қымбат көліктер рәсімдеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) құрықталды. Қылмыскерлер жәбірленушілердің атына жалған «жақсы несие тарихын» жасап, Алматы мен Шымкент қалаларында көліктерді заңсыз иемденіп келген. Қазіргі уақытта топ ұйымдастырушылары ұсталып, тергеу жүріп жатыр.
Жетісу облысында екі жасөспірімді (2005 және 2007 жылы туған) ұрлап әкетіп, бір ай бойы тұрмыстық химия шығаратын цехта мәжбүрлі түрде жұмыс істеткен факті анықталды. Жұмысшыларды зорлық-зомбылық әдістерімен еңбекке жеккен күдіктілер қамауға алынып, «адам ұрлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді.