«Домбыра харам»: Желіде шу шығарған ақтөбелік уақытша ұстау изоляторына жабылды

Qaz365.kz редакциясы
Sputnik / Тимур Батыршин

Ақтөбе қаласының 33 жастағы тұрғыны Азат Қоныс әлеуметтік желіде домбыраны және өзге де ішекті аспаптарды «харам» деп атағаны үшін ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тұрғынның бұл мәлімдемесі қоғамда үлкен наразылық тудырып, құзырлы органдардың назарына ілікті.

Күдікті өз бейнежазбасында Қазақстан ханафи мазхабын ұстанатындықтан, шариғат бойынша домбыра, гитара және балалайка сияқты аспаптарға тыйым салынған деген пікір білдірген. Полиция бұл әрекетте діни араздықты қоздыру нышандары бар деп тапты.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ол бірден ұсталды. Полицияның мәліметінше, азамат әлеуметтік желілерде діни негіздегі араздық пен өшпенділікті қоздыруға бағытталған пікірлерді жүйелі түрде жариялап келген.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Соттың санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.