Перизат Қайраттың қорымен бірлесіп жасалған «сыйлықтардың» артында не тұр: Мөлдір Сүйіншіәлиге қатысты тергеу басталды

Qaz365.kz редакциясы
Данил Потапов-Поличинский

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) «Nura Elite» коттедж қалашығын саламыз деп азаматтардың қаржысын жымқырды деген күдікпен кәсіпкер Мөлдір Сүйіншіәлиге қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тергеу мәліметтері бойынша, 2021–2024 жылдар аралығында уәде етілген таунхаустар салынбай, 56 адам жәбірленуші деп танылған.

Келтірілген жалпы шығын көлемі – 3,9 миллиард теңге. Оның ішінде 322 миллион теңге күдіктінің, оның жұбайы мен анасының есепшоттарына аударылса, тағы 145 миллион теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қазіргі уақытта күдікті үйқамақта отыр.

Сонымен қатар тергеу барысында М. Сүйіншіәлидің Перизат Қайрат басқарған «Біз біргеміз» қайырымдылық қорымен байланысы анықталды. Бұған дейін БАҚ-та кәсіпкердің компаниясы мұқтаж әйелге пәтер сыйлағаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда аталған пәтер орналасуы тиіс тұрғын үй кешенінің құрылысы іс жүзінде мүлде басталмаған.