ҰҚК Сирияда соғысқан 22 жастағы қазақстандықты ұстады

Qaz365.kz редакциясы

Ол Ыстамбұлда ұсталды

Фото: ҰҚК

Биыл 27 қаңтарда халықаралық террористік ұйымның әрекетіне қатысы болуы мүмкін деген күдікпен 22 жастағы қазақстандық Ыстамбұлда ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz

 

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, ол Алматыға айдауылмен депортацияланды.

Тергеу материалдарына сәйкес, Түркістан облысының тумасы 2020 жылы Сирияға кеткен. Онда жас жігіт қарулы топтардың біріне кірген.

Қазақстандықты Отанына әкелу үшін ҰҚК түркиялық әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеді. Сондай-ақ Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі қолдау көрсеткен.

«Күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің 257-бабы («Террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу») бойынша іс қозғалды. Ол сот санкциясымен қамауға алынды. Қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, басқа ақпарат жарияланбайды.