Ақтөбе облысында жер үйлерді су басып жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Тұрғындар былтыр да үйлерінің суға кеткенін айтады

Фото: Massaget.kz

Көктемгі су тасқыны Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тұрғындарын әбігерге салып жатыр. Тасқын су тұрғындардың үйлеріне кіріп, тұрғындар көшеде су кешіп жүр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Қарауылкелді ауылының тұрғындары үйден шыға алмай отырғандарын айтады. Себебі ауыл ішіне кірген еріген қар суы үйдің ішіне дейін кірген. Тұрғындар көшеде су кешіп жүр.

"Жылда осы жағдай қайталанады. Былтыр да үйімізді су басқан. Биыл да міне, әбігерге түсіп отырмыз. Мен сыртқа шыға алмай отырмын. Су етіктен асып кетіп тұр. Үйдің ішіне кіріп жатыр. Қора, сарайдың бәріне су кірді. Сарайдың бір шеті құлады. Көршілеріміздің де жағдайы осындай", - дейді Барақ батыр көшесінің тұрғыны Гүлмира.

Тұрғындар былтыр да үйлерінің суға кеткенін айтады.

Ал Байғанин аудандық әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында аудан әкімі Айбек Көпенов жағдайдың бақылауда екенін айтты.

"Республикалық "Ақтөбе-Астрахан" тас жолының су өткізгіш құбырлары арқылы аудан орталығына дала суы кіріп, бірнеше көшеге жайылды. Шамамен төрт-бес көшені су басып, үйлердің аулаларына су келді. Аудан әкімдігі жанындағы штаб шұғыл әрекет етіп, қауіптің негізгі дені сейілді. Судың деңгейі қайтты", - деді аудан әкімі.