Еуразия бірінші арнасының эфирге шыққанына 25 жыл толды

Qaz365.kz редакциясы

Арна ұжымы: Ширек ғасыр уақыт бірге болған, қолдаған көрермендерге алғыс айтуды парыз деп санаймыз

Еуразия арнасы

 "Еуразия бірнші арнасы" екінші мүшелін еңсеріп арна ұжымы мен көрермендерін 25 жылдық мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі Еуразия арнасына сілтеме жасап.

Осыдан тура 25 жыл бұрын елдегі ең белді арна алғаш рет көгілдір экранның ар жағындағы көрерменімен қауышты. Кәсіби мамандар бас қосқан ұжым ширек ғасыр бойы жұртшылық сұранысын қанағаттандырар контент ұсынып келеді.

"Әр арнаның жүрегі – күнделікті шығатын жаңалықтары екені айқын. Бұл ретте "Басты жаңалықтар" мен "Главные новости" журналистері әркез көмекке зәру жандардың жанынан табылып, мұң-мұқтажын мінбердегілерге жеткізуде талмай еңбек етіп келеді. Елді елең еткізген оқиғалардың ортасынан табыла білетін кәсіби тілшілер үнемі ақпаратты түсінікті әрі қызықты берудің тың әдіс-тәсілдерін енгізуден жалыққан емес. Қызметкерлеріміз өз өміріне қауіп төнсе де, журналистік міндетін мінсіз, адал атақарып келеді", – деді арна басшылығы.

Бәсекелестік жағдайында әркез сапалы контент ұтатыны белгілі. Сондықтан арнада шыққан бағдарламалар түрлі шығармашылық сайыстарда бас жүлделерді еншілеп жүр. Медиасыншылар мойындаған жобалар да баршылық. Бұл арна ұжымын алда да сапалы бағдарламаларды шығаруға ынталандырады.

"Көріп, естіп көкейге түйем деген жан «Еуразия бірінші арнасынан» қалағанын табады деп толық сеніммен айтуға болады. Соңғы кездері теледидар мен әлеуметтік желі арасындағы симбиоз туралы көп айтылып келеді. Бұл үрдістен "Еуразия бірінші арнасы" да кенде емес. Әлеуметтік желідегі көрермендердің қолдауы арқасында арна YouTube платформасының екі бірдей алтын батырмасына ие болды. Мұны арна ұжымы жетістіктердің бастауы ғана деп біледі. Демек, алдағы уақытта да көрермендерді қажетті, өзекті, ең бастысы сапалы контентпен қамтамасыз ету жолында еңбек етуді жалғастыра береміз. Бұл ретте ширек ғасыр уақыт бірге болған, қолдаған көрермендерге алғыс айтуды парыз деп санаймыз!" – деп телеарна басшылығы көрермен қауымына алғыс білдірді.

Алдағы уақытта телеарна ұжымына шығармашылық табыс, жаңа жобаларымен көрерменнің ыстық ықыласына бөлене берсін деп тілек білдіреміз!