Skoda Transportation Қазақстанмен бірлесе транспорт нарығын бағындырмақ

Qaz365.kz редакциясы

Skoda Transportation бренді өз өндірістерін дамыту үшін Қазақстанды перспективті серіктес ретінде қарастырып отыр

primeminister.kz/ Дидье Пфлегер

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов “Skoda Transportation” компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Дидье Пфлегермен Қазақстанда теміржол және қалалық қоғамдық көлік шығару, техникалық қызмет көрсету және жаңғырту жөніндегі жобаларды іске қосу перспективаларын талқылады, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-Министр инвесторлар үшін түрлі салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылғанын ескере отырып, компанияның елімізде нақты жобаларды жүзеге асыратынына сенім білдірді. Осы орайда ол локализациясы жоғары және толық циклді өндіріс ашу мәселесін қарастыруды ұсынды.

“Қазақстан Үкіметі машина жасау саласына ерекше көңіл бөледі, сондықтан біз шетелдік әріптестермен ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға қазақстандық машина жасау кәсіпорындарын тартуға болады деп санаймыз”, –  деді Әлихан Смайылов.


Ол “Skoda Transportation” компаниясымен өзара тиімді ықпалдастықты пысықтау үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылғанын атап өтті.
Өз кезегінде Дидье Пфлегер компания жаңа нарықтарды бағындыруға дайын екенін, сондықтан өз өндірістерін орналастыру және дамыту үшін Қазақстанды перспективті серіктес ретінде қарастырып отырғанын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді жобаларды әзірлеу бойынша белсенді жұмысты жалғастыру жөнінде келісті.