Алматы облысында мереке күндері жаппай «Тазалық күні» болып жарияланды

Qaz365.kz редакциясы

Алдағы мерекелік демалыс күндері Алматы облысында жаппай «Тазалық күні» деп жарияланды. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылатын бұл шара барысында өңірдегі барлық туристік нысандарда, саябақтар мен аулаларда үш күн бойы ауқымды сенбіліктер өтеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында тұрғындар мен кәсіпкерлерді тазалыққа жауапкершілікпен қарауға шақырды. Өңір басшысы бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.

«Тазалық — өркениеттің айнасы. Біз тек сенбіліктермен шектелмей, қоршаған ортаны күтіп ұстауды күнделікті әдетке айналдыруымыз қажет. Әрбір тұрғын өз ауласына, әрбір ұжым өз мекемесіне жауапкершілікпен қарауы тиіс», – деп жазды ол.

Шараға ұлттық парк қызметкерлері, еріктілер мен қоғам белсенділері түгел атсалыспақ. Әсіресе, облыстағы жүзден астам туристік бағыттардың тазалығына ерекше көңіл бөлінеді. Мереке күндері тау мен өзен-көлдерге баратын саяхатшылар саны артатындықтан, әкімдік өкілдері қонақтарды қоқысты белгіленген орындарға жинап кетуге үндейді.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Бұл науқан экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ұзақ мерзімді жоба болып табылады.