Қазақстандықтар алименттің қайда жұмсалғаны туралы есеп беруге міндеттелуі мүмкін: бұл кімдерге қатысты

Qaz365.kz редакциясы

Мұндай шара қазірдің өзінде ішінара бар

gov.kz

Қазақстанда алимент төлеушілерге ақшаның шынымен баланың қажеттілігіне жұмсалып жатқанын бақылауға мүмкіндік беретін тетік енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл мәлімдеме алименттің мақсатты жұмсалуы туралы сұраққа жауап ретінде айтылды. Вице-министрдің сөзінше, мұндай мүмкіндік қазірдің өзінде ішінара бар: төлеуші сотқа жүгініп, қаражаттың жұмсалуы туралы есеп талап ете алады.

«Иә, біз бұл мәселеден хабардармыз және тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде сот арқылы қаражаттың жұмсалуы туралы есеп сұрату құқығы бар екенін айтқым келеді», – деді Молдабеков.

Сонымен қатар Әділет министрлігі түсіндіргендей, әңгіме алимент алушылардың барлығына бірдей жаппай есеп беру міндетін жүктеу туралы болып отырған жоқ. Ведомство бұл тетікті төлем мөлшеріне қарай енгізу мүмкіндігін қарастыруда.

«Біз қазір бұл мәселе бойынша жұмысты жалғастырып жатырмыз, мұнда бәрі сомаға байланысты. Мысалы, алименттің әдеттегі мөлшері 100 мың, 150 мың теңгеге дейін жетеді. Егер төлем осы сома шамасында болса, біз оған тиіспейміз», – деп атап өтті вице-министр.

Оның айтуынша, есеп беру міндеті төлеушінің табысы орташа деңгейден айтарлықтай жоғары болып, соған сәйкес алимент сомасы ірі көлемді құраған жағдайларда қарастырылуы мүмкін.

«Егер жұбайының жалақысы жоғары болса, мысалы, 500 мыңнан немесе миллионнан асса, онда әрине, одан есеп талап етуге болады. Біз қазір осындай тетік әзірлегіміз келеді», – деп мәлімдеді Молдабеков.

Осылайша, Әділет министрлігі алимент төлеушілерге аударылған қаражаттың нақты баланың мүддесі үшін пайдаланылып жатқанына көз жеткізуге мүмкіндік беретін тәртіпті пысықтауды көздеп отыр. Қазіргі уақытта бұл тетік әзірлеу сатысында.