Жарты миллиард теңгеге салынған Жайық жағалауы 282 млн теңгеге қайта жөнделеді

Qaz365.kz редакциясы

Шенеуніктердің айтуынша, оның кепілдік мерзімі өтіп кеткен

Оралда жарты миллиард теңгеге салынған Жайық жағалауы енді 282 миллион теңгеге қайта жөнделеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Astana.tv-ға сілтеме жасап. Шенеуніктердің айтуынша, оның кепілдік мерзімі өтіп кеткен. Сондықтан қаржы бөлінгесін кем-кетікті түгендейміз деп құлшынып отыр. Ал қалалықтар бұл жермен серуендеу қауіпті дейді. Өйткені тозған өрнектас пен қираған қыш плитаға абайсызда сүрініп, жарақат алуың мүмкін.

Шетелден келген құрбысына Оралдың көрікті жерлерін көрсетпек болған Әлфия Төребаева жағалаудың қазіргі көрінісінен қатты ұялғанын айтады. Қонағына не айтарын білмей ақталумен болыпты.

“Плиталарды әдейі біреу суырып алып кеткен бе? Әлде судан құлаған ба? Ремонт болмай ма екен? Қатты ұялдым. Бірталай ақша кетті ғой мұны жасауға. Жайықтың көтерілетінін есептемеген. Материал сапасы да шамалы. Қаншама қаражат керек мынаны қайтадан жөндеу үшін?” – деді қала тұрғыны Әлфия Төребаева.

Он жыл бұрын осы жағалауды абаттандыруға 500 миллион теңге жұмсалған. Тұрғындар серуендейтін жол төселіп, балалар алаңы салынды. Жағаға орнатылған қоршаулар қыш тақтамен қапталды. Енді солардың сау-тамтығы қалмаған.

Шенеуніктердің айтуынша, жағалауға көңілі толмаған тұрғындардың арыз-шағымы жиілепті. Бірақ кепілдік мерзімі өтіп кеткен. Енді бұл іске тағы қаржы бөлгізіп, қайтадан жөндейміз дейді.

“Мердігер ұйымның атқарар жұмыстары, сәйкесінше, материалдарының бағасымен бірге барлығы 282 миллион теңге болады. Кепілдік мерзімін біздер қазір техспецификацияға қойдық. Сәйкесінше, мердігер ұйым аяқтағаннан кейін кепілдік мерзімі жүреді. Білуімше, 12 ай қойған сияқтымыз, 1 жыл”, – деді қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Дархан Еркінұлы.

“Жағалауды биыл жөндегенмен, кейін қайта бүлінеді. Сондықтан бұл аумаққа жаны ашитын қамқор қожайын табу керек. Жергілікті өзін-өзі басқару аясында бизнеске берген дұрыс. Сонда халыққа қызмет көрсету жақсарып, қыста шаңғы, сырғанақ тебетін орындар салынар еді”, – дейді сарапшы Хайдар Қапанов.

Бірақ бөлінген ақшаға жағалаудың бүлінген жері ғана жөнделеді. Мердігермен арадағы уағдаластық солай. Ал бұған дейін бүтін тұрған басқа жері кейін зақымдалса, шенділердің қазынаға тағы қол салары анық.