Каспий жағалауынан ондаған итбалықтың ұшасы табылды

Qaz365.kz редакциясы

Өлі итбалықтар табылған жерден су мен ауа сынамалары алынды

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Жұмыс тобына Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы мен Гидробиология және экология институтының, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының, облыстық экология департаментінің, Қазгидрометтің және ЖАО-ның өкілдері кірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Экология министрлігінің мәліметінше, 12 мамыр сағат 17:00 шамасында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының қызметкерлері Түпқараған ауданы Баутино ауылы маңындағы Каспий теңізі жағалауында мониторинг жүргізу барысында бірнеше ондаған итбалықтар мен  балықтардың ұшасы табылды.

Итбалықтар табылған жерге Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясымен Гидробиология және экология институтының, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының, Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің, “Қазгидрометтің” және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобы шықты.

Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті және “Қазгидромет” қызметкерлері өлі итбалықтар табылған жерден су мен ауа сынамаларын алды.

"Табылған теңіз жануарларының өлімге ұшырағандарының көпшілігі бекіре балық түрлерінің де қатты ыдырау және шіру сатысында болғандықтан, сынама алу мүмкін болмады. Бұл ретте Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының қызметкерлері  өлімге ұшыраған итбалық ұшаларынан сынама алу мүмкін болған бір данасынан тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін ішкі ағзаларын (бауыр, өкпе),  ал гидробиология және экология институты тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін тістері мен тырнақтарын, жүнін алды", – делінген хабарламада. 

Бұдан басқа, аталған дерек 2023 жылғы 12 мамырда Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының полиция бөлімі СДТБТ-да № 234752030300589 болып тіркелді және сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жануарлардың өлімінің себептері мен басқа да мән-жайлары анықталатын болады.