Алматыда Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтті

Qaz365.kz редакциясы

Алаңда этномәдени бірлестіктердің көрме шатырлары тігілді

Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Алматыда Қазақстан халқының бірлігі күніне орай қаланың барлық ауданында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Рухани бірлікті, мәдениет пен дәстүрдің сан алуандығын дәріптейтін бұл күн мыңдаған тұрғын мен қала қонақтарының басын қосты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Абай алаңында өткен басты мерекелік іс-шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.

Іс-шара бағдарламасы әсерлі бейнешоу мен барабаншылардың қойылымымен ашылып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маржан Арапбаеваның орындауындағы «Қазақ елі осындай» әнімен жалғасты.

Жалпы мереке аясында 40-тан астам мәдени-көпшілік іс-шара өтті. Сахнада отандық өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар, сондай-ақ шетелдік қонақтар, оның ішінде Қырғызстанның «Komuz beats» тобы өнер көрсетті.

Алаңда этномәдени бірлестіктердің көрме шатырлары тігіліп, қалада тұратын түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлері таныстырылды.

Қала әкімі көрмелерді аралап, этномәдени бірлестіктердің қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне тоқталды.

Алматы — түрлі этнос өкілдері өзара сыйластық пен келісімде өмір сүретін қала. Бұл тұрақты дамудың берік негізі.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламалар мен шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуімен жалғасын тапты.