Қостанайда «Халық заңгері» акциясы өтті
Бұл шара аясында қала тұрғындары адвокаттардан, нотариустардан, тергеушілерден, сот орындаушыларынан және мемлекеттік органдар өкілдерінен тегін құқықтық кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, білім беру мен әлеуметтік қорғау саласының мамандары да белсенді қатысып, қостанайлықтарды толғандырған түрлі сұрақтарға жауап берді. «Халық заңгері» акциясы биыл екінші рет өткізіліп отыр. Жалпы облыс бойынша 800-ге жуық азамат қамтылған, деп хабарлайды Qaz365.kz
Азаматтарды қабылдау бұл жолы бір мезетте, бір алаңда ұйымдастырылып, оған дерлік барлық мемлекеттік органдар жұмылдырылды. Әділет департаментінен бастап облыстық прокуратураға дейінгі мекемелер тұрғындарды қабылдап, құқықтық көмек көрсетті. «Халық заңгері» акциясы баршаға ашық кез келген адам келіп, өз сауалын қоя алды.
- 2025 жылы біз 16 мыңнан астам азаматқа көмек көрсеттік. Биылғы жылдың алғашқы 3 айында 3 671-ға кеңес бердік. Сондай-ақ, әрбір айдың соңғы жұмасында тегін заң көмегін беретін ашық есік күні өткізіледі. Бұл іс-шараларды өткізу үшін 2024 жылы 155, 2025 жылы 169, биыл 150 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Әділет департаменті мемлекеттің бұл қаржысын адвокаттарға төлейді, - дейді Қостанай облысы әділет департаментінің басшысы Әлия Аманжолова.
Белгілі болғандай, алаяқтардың құрбандары көбіне өз ақшасын қайтара алмай жатады. Алайда, облыс прокурорының аға көмекшісі адамдардың басым бөлігі прокуратураға шағымданатынын айтады.
- «Халық заңгері» акциясы «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында өткізіліп келеді. Оның басты ерекшелігі — барлық мәселені бір алаңда, ашық форматта талқылау мүмкіндігі. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, түрлі бағыт бойынша білікті құқықтық кеңес ала алады. Акцияның нәтижелілігі де айқын байқалады. Себебі келушілер өз өтініштері бойынша нақты жауап алып қана қоймай, көптеген түйткілдердің шешу жолдарын табуда. Әсіресе, тұрғын үй мен жер мәселелеріне қатысты құқықтық кеңестерге сұраныс жоғары. - дейді Қостанай облысы прокурорының аға көмекшісі Жадыра Қарамысова.