Ресей басшысы мамыр айының соңында Қазақстанға келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік мәселелері талқыланып, екі елдің одақтастық қатынастарының даму қарқынына жоғары баға берілді.
Кездесуде Ресей Президенті Владимир Путиннің мамыр айының соңында Қазақстанға жасайтын ресми сапарына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарды биылғы екіжақты күн тәртібіндегі ең негізгі іс-шара ретінде қарастыратынын және оның мемлекетаралық байланыстарды нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.
Сергей Лавров Президентке алдағы жоғары деңгейдегі сапарға әзірлік барысы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Ол екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері үкіметтер мен сыртқы саясат ведомстволары деңгейінде тиянақты пысықталып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар тараптар халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі түйткілді мәселелер бойынша пікір алмасты.