«Арнайы киім берілмеген»: СҚО-да кәріз станциясында көз жұмған азаматтардың туыстары әділдік сұрайды

Qaz365.kz редакциясы

Марқұмдардың туыстары куәгерлерге қысым жасалуы мүмкін деп қауіптеніп, істің ашық әрі әділ қаралуын талап етеді

Марқұмдардың суретін туыстары жіберді. Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Солтүстік Қазақстан облысындағы коммуналдық кәсіпорында болған қайғылы оқиғаға қатысты жаңа деректер шықты. 22 сәуір күні кәріз-сорғы станциясында (КНС-3) жұмыс барысында екі ер адам көз жұмды. Марқұмдардың туыстары жұмысшылардың қорғаныс құралдарынсыз, арнайы киімсіз еңбек еткенін, ал басшылық оқиғаның шынайы мән-жайын жасырып отырғанын мәлімдеді.

Qaz365.kz редакциясы марқұмдардың туыстарына хабарласып, істің мән-жайын анықтады.

Екі бірдей отбасын күйреткен қайғылы жағдай

Виктор Титаревтің айтуынша, оның әкесі 50 жастағы Дмитрий құдық ішінде жұмыс істеп жүріп қаза болған. Екінші марқұм — 48 жастағы Владимир Прохоров оны құтқарамын деп көз жұмған. Виктор Титаревтің сөзінше, тағы бір қызметкер аман қалғанымен, отбасының сөзінше, оған ешқандай көмек те, өтемақы да берілмеген.

Фото: Бейнеден кадр / Кәріз-сорғы станциясы

Тұрғындар бұған дейін де кәріз сорғы станциясында арнайы киім берілмейтініне және еңбек жағдайына шағымданғандарын айтады.

Марқұмның ұлы сол күнді былай деп еске алады: 

«Шамамен сағат 3-терде мен әкеме тамақ апардым. Әкемнің жұмыс орнына (КНС-3) жақындағанда өрт сөндірушілердің көлігін, жедел жәрдем көлігін, полицияны, ассенизатор көліктерін және көп адамды көрдім. Бірдеңе болғанын түсініп, тез сол жаққа бардым. Өрт сөндірушілердің көлігінің артынан өткенде жерде жатқан әкемді және тағы бір адамды көрдім. Жүгіріп барып тамырын ұстап көрдім. Ішім алай-дүлей болды. Әкем тірі сияқты көрінді. “Неге ешкім ештеңе істемейді?” деп айқайладым. Сол кезде келген фельдшер “сабаңа түс, енді бірдеңе істеуге кеш” деп басын төмен салбыратты», – деді Виктор Титарев.

Фото: Дмитрий Титарев отбасымен бірге / Жеке архивтен

Оның айтуынша, марқұмдардың денесі күйе мен лайға былғанған, ал арнайы қорғаныс құралдары болмаған:

«Олар арнайы қорғаныс киімін киіп жүруі керек еді. Бірақ әкемнің үстінде тек шалбар, шұлық және жұмыс қолғаптары ғана болды (тіпті футболка да болмады). Екінші адам да үйдегі киіммен, аяқ киімсіз болған. Кейін адамдардың айтқандарына қарасақ, резеңке етіктері төменде қалып қойған екен», – деді Виктор Титарев.

Виктордың сөзінше, оқиғадан кейін кәсіпорын мен әкімдік өкілдері өздерін барынша ақтауға тырысқан:

 «Сол күні және келесі күні бізге әкім, мекеме басшысы және оның орынбасары келді. Көңіл айтып, бірден өздерін ақтай бастады. “Әкең мен Вова (екінші марқұм Владимир Прохоров) ол жерде жұмыс істемеуі керек еді, өздері кінәлі” деді», – деді Виктор Титарев.

Сонымен қатар, марқұмдарға материалдық өтемақы берілгені және жерлеу рәсімдеріне қатысты ақша берілгені жайлы ақпараттар тарап жатыр. Виктор Титарев ешқандай көмек алмағандарын айтты.

«Қаржылай көмек болады, қажет болса көмектесеміз деді. Бірақ біз ешқандай көмек алған жоқпыз», – деді Виктор Титарев.

Фото: Владимир Прохоров / Жеке архивтен

Ал қаза тапқан тағы бір азаматтың қызы Екатерина Прохорова әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат құралдарында тараған материалдарға да тоқталып, ұсынылған көмектен тергеу жүріп жатқан соң бас тартқандарын айтты.

«Мен — Прохорова Екатерина Владимировна, қаза тапқан Владимир Прохоровтың қызымын. Қазір БАҚ-та осы ұйым бізге материалдық көмек көрсетті, барлық жерлеу шығындарын өтеді деген ақпарат таралып жатыр. Бірақ шын мәнінде бізге тек табыт пен крестті төлемеу керектігін айтты. Материалдық көмекті тек жерлеуден 8 күн өткен соң ұсынды. Біз оны қабылдаудан бас тарттық, себебі тергеу жүріп жатыр, бұл жағдай пара ретінде бағалануы мүмкін деп қауіптендік», — деді Екатерина Прохорова.

Сонымен қатар, тұрғындар осы ұйымның нәжіс қалдықтарын Саумалкөлге төгетінін айтты.

«Арнайы киім жоқ, қауіпсіздік талаптары сақталмаған»

Марқұмның ұлының айтуынша, жұмысшылар құдық ішіндегі газдан уланған:

 «Әкем жұмыс істеу үшін төмен түсті де, есінен танып қалды. Жоғарыда қалған екі жұмысшы оны құтқару үшін түсті. Оны шығарып жатқанда Владимир де есінен танып қалды. Сергей өзін нашар сезінгенін түсініп, жоғары көтеріліп, басшылыққа хабарласты. Куәгердің айтуынша, басшылық бірден құтқару қызметіне хабарласпаған. Алдымен өздері барған, жағдайды көргеннен кейін ғана барлық қызметтерді шақырған», – деді Виктор Титарев.

Прохорова Екатерина да олардың газдан уланып қалғанын атап өтті. Оның айтуынша, оқиға болған күні таңертеңнен бастап марқұм Дмитрийге жұмысқа шұғыл келу туралы бірнеше рет қоңырау түскен.

«Трагедия былай болды: таңғы 8-ден бастап әкеме осы ұйымға шұғыл келу керек деп қоңырау шалып, бірдеңені жөндеу керек екенін айтқан. Дмитрий төменге түскен. Менің әкем электрик еді. Дмитрий  “үстіңгі жақта тұр, төменге түспе” деген. Бірақ менің әкем оны құтқару үшін бірден төмен түскен. Ол жерде ешқандай техника қауіпсіздігі сақталмаған. Тіпті техника қауіпсіздігіне жауапты қызметкердің өзі болмаған. Үшінші адам аман шығып, барлық құтқару қызметін шақырған. Құтқарушылар келгеннен кейін ғана оларды шығарып алды, бірақ өкінішке қарай, құтқарып қалу мүмкін болмады», — дейді марқұмның қызы.

Виктор да, Екатерина да еңбек жағдайының нашар болғанын айтты.

«Менің білуімше, ол жерде тек бір адамға ғана қорғаныс жиынтығы болған. Ол да жұмысшылардың айтуынша “мерекеде ғана” берілген. Бірінші күні ештеңе болмады. Ал келесі күні қайта келгенде бәрін сатып алып, “бұрыннан бар еді” деп көрсетті. Әкем оларға хабарласып болып, жұмыс жағдайының өте ауыр екенін айтқан еді. Құрал-жабдық жоқ, арнайы қорғаныс жоқ, жалақы мен зейнетақы төлемдері төленбейді, қысым көрсетіп, жұмыс істеуге мәжбүрлейді деген. Белсенділер бұл мекемеге қатысты eOtinish арқылы 30-дан астам шағым түсірген. Бірақ жауап ретінде “бәрі дұрыс, бұл ұйым тәртіпті” деген жауап алған», – деді Виктор Титарев.

«Менің ойымша, әкелеріміздің қазасына ұйым басшылығы да, еңбек қауіпсіздігіне жауапты маман да толық жауап беруі керек. Себебі оларға ешқандай қалыпты жұмыс жағдайы жасалмаған. Біздің әкелеріміз өз міндеттерін адал атқарды. Егер барлығы талапқа сай ұйымдастырылған болса, мұндай қайғылы жағдай болмас еді, біз әкелерімізден айырылмас едік», — деді Прохорова Екатерина.

Виктор тергеудің әділ өтетініне күмән келтіреді: 

«Іс әдейі созылып жатқан сияқты, әділ тергеу болмай ма деген күдік бар», – деді Виктор Титарев.

Қазіргі уақытта ресми органдар тергеуді жалғастырып жатыр. Марқұмдардың туыстары куәгерлерге қысым жасалуы мүмкін деп қауіптеніп, істің ашық әрі әділ қаралуын талап етеді.

Айта кетейік, осы жағдайға байланысты полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы, 4-бөлігі — «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған.

Qaz365.kz редакциясы істі бақылап, тікелей ақпарат таратып отырады.