"Бірде-бір заң бұзушылық болған жоқ": Арыстанбек Мұхамедиұлы соттың әділ өткенін мәлімдеді

Qaz365.kz редакциясы

Өзінен бөлек үш күдіктінің де кінәсіз екенін айтты

newtimes.kz/ Бауыржан Жуасбаев

Бүгін Астана қаласы Байқоңыр ауданының 2 сотында Мәдениет және спорт экс-министрі және Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы соңғы сөзін айтқан еді. Сот отырысынан кейін ол тілшілердің сұрағына қысқаша жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Заң бұзушылық болған жоқ. Өздеріңіз көріп жатырсыздар, бірде-бір адам мынадай заң бұзушылық болды деген емес. Керісінше біз алтын адамды сақтап қалдық, алтын адамды уақытында алып келдік. Егер де қазіргідей өздеріңіз көріп жатырсыздар жағдайды. Мақұл, жатса, жата берсін деп, алтын адамды Үндістанда қалдырсақ, нақты жоғалтар едік. Төрт адамның ұяты таза, ешқандай заң бұзушылық жоқ. Қазақстан жасасын», –  дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Тілшілердің бірі одан «Тұңғышбай Жаманқұловқа ренішіңіз бар ма?» деп сұрады.

«Ешқандай ренішім жоқ. Тек бәрі аман-есен болсын. Әріптестеріме көп рахмет. Бибігүл Төлегенқызы, Асанәлі Әшімов –  бәрі қолдап жатыр», –  деп айтты экс-министр.

Төрт адам деп отырғаны, өзінен бөлек тағы үш күдікті бар. Олар – Алмаз Нұразхан (Ұлттық музей директорының бұрынғы орынбасары), Азамат Көшенов («Экспонат» ЖШС директоры) және Айым Сәдуақасова («Экспонат» ЖШС бухгалтері) бар. 

Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы соңғы сөзінде кінәсін мойындамайтынын, Қазақстан заңын бұзбағанын мәлімдеді.

Бұған дейін прокурор бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Ұлттық музейдің экс-басшысы 2022 жылғы мамырдан бері қамауда отыр.

Мұхамедиұлы 2019 жылдың шілдесінде музей директоры болды, оған дейін бес жыл мәдениет министрі қызметін атқарған.